Президент тапсырмасы: Түлкібас ауданына туризм саласы дамып келеді
Президент Жолдауларында бірнеше рет атап өткендей, туристік инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық туризмді дамыту және заманауи цифрлық сервистерді енгізу – ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі. «Туризм саласы өңірлер экономикасын әртараптандырып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беруге тиіс. Біз табиғатымыздың әсемдігін сақтай отырып, оны ұқыпты пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындарын ашамыз», – деген Мемлекет басшысының сөзі Түлкібас ауданы үшін бағдар болуда.
Табиғи байлығы мен тарихи мұрасы мол бұл өңір соңғы жылдары туризмді жаңа деңгейге көтеріп, экономиканың маңызды секторы ретінде дамытуды қолға алды. Қазіргі таңда аудандағы туризм саласы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. 36 туристік нысанның жұмыс істеп тұрғаны – соның айғағы. Оның ішінде 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік-сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақ пен туристік база, 4 киелі аймақ және 3 қонақ үй бар.
2025 жылдың алғашқы үш айында ауданға 2 756 турист келген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың алты айындағы 6 473 адамнан биылғы алты айда 7 250-ге дейін өскен. Бұл – ішкі туризмнің тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдейді.
Туризмді дамыту бағытында бірнеше ауқымды жоба жүзеге асуда. Соның бірі – Т.Рысқұлов ауылындағы «Ақ-Су Жабағылы» сауықтыру кешені. Құны 4 млрд теңгені құрайтын жоба аяқталған соң 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Кешен желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ Машат ауылында жеке кәсіпкерлік негізінде «Патсаев К» туристік аймағы салынуда. 150 млн теңгелік бұл жобаның нәтижесінде 5 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Мемлекет басшысы атап өткендей, туризм саласында цифрлық шешімдерді енгізу және инфрақұрылымды дамыту – басты міндет. Түлкібас ауданында бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, табиғи аумақтарды абаттандыру, демалыс орындарын жаңғырту сияқты шаралар өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Табиғи байлығы мен мәдени мұрасын тиімді пайдалану арқылы Түлкібас ауданы туристерді тартудың жаңа жолдарын табуда. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық жобалар нәтижесінде туризм саласының дамуы аудан экономикасына оң серпін беріп, өңірдің тартымдылығын арттырып келеді. Бұл үрдіс – Қазақстанның жалпыұлттық даму стратегиясымен үндес, аймақтық туризмнің жаңа белесін айқындайтын маңызды қадам.
