Халық үніне құлақ асатын мемлекет: Қазығұрт ауданында 20 елді мекенде тозығы жеткен құбырлар ауыстырылуда

Қазығұрт ауданында инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірдегі елді мекендердің басым бөлігі тұрақты электр қуатымен және таза ауыз сумен қамтылған, ал ескі желілер кезең-кезеңімен жаңартылуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында тұрақты дамудың негізі қолжетімді инфрақұрылым мен тұрғындардың әл-ауқаты екенін айтып келеді. Бұл сөздер инфрақұртылымды дамытуға бағытталған бүгінгі іс-шаралардың маңыздылығын айқындай түседі.

Қазығұрт ауданында ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда аудандағы 61 елді мекеннің 60-ы таза ауыз сумен қамтылған, бұл 98,3 пайызды құрайды. Былтыр Қазығұрт елді мекенінде ауыз су ұңғымасын салуға 623 миллион теңге бөлінген болатын. Сонымен бірге, Жаңаталап елді мекенінің су құбырын жүргізуге 60 миллион теңге және төрт ауылдағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Биылғы жылға жоспарланған жұмыстар да ауқымды. Атажұрт елді мекенінде су құрылысына және Алтынтөбе ауыл округінен «Көктерек-Қосшы» бұлағының құрылысына 848,4 миллион теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, 20 елді мекенде тозығы жеткен құбырларды ауыстыру жұмыстарына қаржы бөлініп, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табуда.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Қазығұрт ауданында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Инфрақұрылым саласында атқарылып жатқан жұмыстар ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін береді. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Алғашқы мәселе —  тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, жол мәселесін, ауыз су мәселесін реттеу. Әрбір үйде ауыз су болуы керек», — деген болатын.

Тұрақты электр қуаты мен таза ауыз су — ауыл тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру сапасының негізі. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар ерекше маңызға ие.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *