Президент тапсырмасы: Мақтаарал ауданында индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды дамыту ісі жүйелі түрде жүзеге асуда

Мақтаарал ауданында өндірістік әлеует пен инфрақұрылымдық даму бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында өңдеу өнеркәсібі мен өндірісті дамыту экономиканың тұрақты өсімі мен жұмыс орындарын көбейтудің басты жолы екенін атап өткен болатын. Агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнімнің үлесін үш жыл ішінде 70 пайызға дейін арттыруымыз қажет екенін де баса айтқан-ды.

Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Мақтаарал ауданында индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды дамыту ісі жүйелі түрде жүзеге асуда. Аудан аумағындағы 24,4 гектарды құрайтын индустриалды аймақта бүгінгі таңда жалпы 5,16 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған. Қазіргі уақытта бұл өндірістік аймақта 4 жоба жүзеге асырылып жатыр. Болашақ инвесторлар үшін қосымша 2 гектар бос орын қарастырылып, жаңа өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасалған.

Оған қоса, Жамбыл ауылдық округінде, «Атамекен» кедендік бекетіне жақын маңда орналасқан 46,5 гектар жер телімінде арнайы экономикалық аймақтың құрылысы басталды. Бұл аймаққа жалпы 12,8 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция бағытталып, 4 ірі өндірістік зауытты іске қосу жоспарлануда. Жобалар толық жүзеге асқанда, кемінде 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұл көрсеткіштер аудандағы ірі өндірістік жобалардың қарқынды жүріп жатқанын айғақтайды. Жалпы алғанда, биылғы жылдың есепті 7 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 млрд теңгеге жетіп, 78,1 пайыз өсім көрсеткен.

Мақтаарал ауданында қолға алынған жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге серпін беріп отыр. Алдағы уақытта индустрияландыру және арнайы экономикалық аймақтар шеңберінде жүзеге асатын жобалар да өңір экономикасының тұрақты өсіміне қызмет етіп, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының нақты іске асуына өзіндік үлесін қосатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *