Президент тапсырмасы: Сауран ауданында әлеуметтік жоба бастау алды
Сауран ауданында әлеуметтік осал топтарды қолдау және өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамыту мақсатында ерекше әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында айтылған әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.
Жергілікті әкімдік ұйытқы болған «Әлеуметтік бақша» жобасы аясында әлеуметтік осал топтарға арналған арнайы сауда дүкендері ашылып, олар тегін пайдалануға берілді. Енді зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен табысы төмен тұрғындар өздері өсірген өнімдерін еркін саудалай алады.
Сауда сөрелерінен жергілікті тұрғындардың қолымен өсірілген жаңа піскен көкөністер мен жемістер, үй жағдайында дайындалған тағамдар, сүт өнімдері мен табиғи экологиялық тауарлар табылады. Бұл бастама жайлы Түркістан облысының әкімі Нұралыхан Көшеров: «Бұл – жай ғана сауда орны емес, өмірдің қиын жағдайларына қарамастан өз еңбегімен табыс табуға ұмтылатын адамдарды қолдайтын алаң. Жоба облыстың басқа аудандарына да үлгі болады», – деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында: «Мемлекеттің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Әсіресе, ауыл халқының табысын көтеру, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға нақты қолдау көрсету – біздің басым міндетіміз» деген болатын. Сондай-ақ, Президент ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру туралы нақты тапсырма беріп: «Ауыл – ел бесігі. Ауылда өмір сүру үшін қажетті жағдай жасау, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу – негізгі бағыттың бірі болуы керек» деген-ді. Міне, осы тапсырмалар негізінде жүзеге асып жатқан бұл жобалар елді мекендердегі азаматтардың тұрмысын жақсартуға үлкен үлес қосып отыр.
Орайы келгенде айта кетейік, Сауранда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де өтті. Тұрғындар экологиялық таза өнімдерді төмен бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңкеге жергілікті шаруашылықтармен қатар, мемлекеттік грант арқылы кәсіп бастаған жас кәсіпкерлер де қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Бұл іс-шара жастарды кәсіпкерлікке тартуға, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға және жергілікті нарықты сапалы отандық өнімдермен қамтамасыз етуге сеп болады.
Сауран ауданында қолға алынған аталмыш жобалар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылып жатқанының бір дәлелі десек болады. Жергілікті халық пен билік өкілдерінің оң бағасына ие болған бастама алдағы уақытта Түркістан облысының өзге де аудандарында жалғасын табатын болады.
