Жолдау жүктеген міндет: Сауранда 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады
Түркістан облысында халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірлік экономиканы нығайту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында қарқынды жобалар жүзеге асырылуда. Соның айқын бір дәлелі ретінде Сауран ауданында іске асырылып жатқан ірі өндірістік және әлеуметтік нысандарды айтуға болады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауданға жұмыс сапары барысында бірқатар стратегиялық маңызы бар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен Бабайқорған ауылдық округінде орналасқан «Мырзахан» шаруа қожалығының 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңына барды. Аумағы 20 гектарды құрайтын нысанның жобалық құны – 8 млрд теңге. Мұнда 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұйыртса, бұл аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік әрі өңір экономикасына серпін беретін маңызды жоба болады.
Бордақылау алаңында бір мезетте бірнеше бағытта қызмет көрсетіледі: ет сақтау қоймасы, мал сою бекеті, тері, қан және тұяқ өңдеу зауыттары, жем-шөп дайындау, тыңайтқыш өңдеу, ветеринарлық қызмет көрсету орындары іске қосылады. Бұл кешеннің толық іске қосылуы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен экспортқа шығару әлеуетін айтарлықтай арттырмақ.
Облыс әкімі сапар барысында кәсіпкерлермен кездесіп, өндіріс сапасы мен жұмыс орындарының тұрақтылығына ерекше тоқталды.
– Сауран ауданы – облыс көлемінде даму қарқыны жоғары аймақтардың бірі. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салалары үздіксіз дамуда. Басты мақсат – инвестициялық жобаларды көбейту, жаңа технологиялар арқылы өңірдің даму сапасын арттыру. Әрбір бастама нақты нәтиже беріп, халыққа пайда әкелуі тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы бұдан кейін Жібек Жолы ауылдық округіндегі «БИНЭКС» ЖШС-нің кірпіш зауытында болды. Бұл кәсіпорын күніне 20 мың дана, ал жылына 3,5 млн дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Аумағы 5 гектар жерді алып жатқан зауыт заманауи технологиямен жабдықталған және 32 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жоба құны – 500 млн теңге.
Іссапар аясында Шорнақ елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан спорт кешені де назардан тыс қалмады. Нысан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынуда. Жобаны «ДОС и К СЕРВИС» ЖШС-гі жүзеге асырып жатыр. Кешеннің сыйымдылығы – 300 адам. Мұнда футбол, баскетбол, бокс, күрес және дене шынықтыруға арналған залдар болады. Спорт нысаны биыл пайдалануға берілмек.
Мұндай әлеуметтік-экономикалық жобалар жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Экономика халыққа қызмет етуі керек. Оның игілігін әрбір азамат көруі тиіс. Жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалуға тиіс – бұл менің стратегиялық бағытым», – деген болатын.
Бүгінде Сауран ауданында қолға алынған жаңа жобалар дәл осы бағытта іске асырылуда. Аймақтағы өндіріс ошақтары көбейіп, жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін де жаңа деңгейге көтереді.
