ОРДАБАСЫДАҒЫ ШАРУАШЫЛЫҚ 70 ГЕКТАР БАҚТАН 100 ТОННАДАН АСТАМ ӨНІМ АЛҒАН
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев “QAZ Garden” бағының жұмыстарымен танысты. 2020 жылы құрылған шаруашылық бүгінде 70 гектар аумаққа алма, өрік және шабдалы ағаштарын еккен. Әрбір көшет түрі арнайы климаттық және топырақтық ерекшеліктер ескеріліп таңдалған. Қазіргі таңда заманауи технология мен тамшылатып суару әдісі арқылы жоғары өнім алуға қол жеткізіп отыр.
Биыл баудың 11 гектарынан алманың грени смит, джероми, гала, голден сорттарынан шамамен 30 тоннаға жуық өнім жиналған. Ал, 30 гектар аумаққа егілген өріктің қабаши және шекерпари түрлерінен 8 тонна өнім алынған. Сондай-ақ,14 гектар аумақтағы шабдалының манрео және орион сорттарынан 70 тоннаға жуық өнім шыққан.
Аталған кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, аудан орталығындағы сауда нүктелерін отандық табиғи өніммен қамтамасыз етеді. Бұл — ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорттық тәуелділігін төмендетуге ықпал етеді. Алдағы жоспар – экспортқа шығу. Шаруашылық басшысы өнім көлемін арттырумен қатар, дайын өнімдерді экспортқа шығару мүмкіндіктерін қарастырып отыр. Бұл аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдеріне халықаралық нарыққа жол ашуға себеп болмақ.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
