Президент тапсырмасы: «Ауыл аманаты» және көктемгі дала жұмыстарына берілетін несие талаптары түсіндірілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ел экономикасын нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде атап өтті. Президент бұл бағытта ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға айрықша назар аудару қажет екенін жеткізді.
Президент тапсырмаларын іске асыру мақсатында өңірлерде нақты жұмыстар қолға алынуда. Осы орайда Бәйдібек ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Оңтүстік АИО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Мақсат Қарымсақов аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несиелердің талаптарын кеңінен түсіндірді.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев төрағалық етті. Ол өз сөзінде мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жиын барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында ұсынылатын жеңілдетілген несиелердің шарттары, пайыздық мөлшерлемелері, қаржыландыру бағыттары мен құжаттандыру тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарына дайындық кезеңінде шаруаларға көрсетілетін қаржылай қолдау шаралары кеңінен түсіндірілді.
Шара барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, несие алу тетіктері мен талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, мал шаруашылығы, егіншілік және шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобаларға басымдық берілетіні атап өтілді. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасын әртараптандыруға және халықтың табыс көзін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында Бақыт Қырғызалиев жауапты сала басшыларына мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тұрғындарға кеңінен түсіндіру, сондай-ақ құжат рәсімдеу барысында әдістемелік қолдау көрсетуді тапсырды. Алдағы уақытта мұндай кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттану деңгейін арттыруға бағытталатын болады.
Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға арналған мұндай жүйелі жұмыстар Мемлекет басшысы қойған міндеттердің жергілікті жерде нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Бұл бастамалар ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға, жұмыспен қамтуды арттыруға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге оң ықпал ететіні сөзсіз.
