«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»: Қоғамдық кеңестердің құрылғанына 10 жыл

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында азаматтық қоғам институттарын дамыту, мемлекет пен халық арасындағы ашық әрі тиімді диалогты нығайту басты басымдықтардың бірі екенін атап келеді. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда қоғамдық кеңестер маңызды рөл атқарып, қоғамдық бақылау мен ашықтықты қамтамасыз ететін пәрменді алаңға айналды. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде елімізде қоғамдық кеңестер институтының құрылғанына 10 жыл толуы кең көлемде аталып өтті.

Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» кешенінде Қазақстан Республикасында қоғамдық кеңестердің құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, қоғамдық кеңес мүшелері мен ардагерлерін мерейлі сәтпен құттықтады.
– Баршаңызды Қоғамдық кеңестер институтының құрылғанына 10 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – азаматтық қоғамның орны айқындалып, мемлекет пен халық арасындағы ашық диалогтың дамығанын білдіретін маңызды белес. Өткен он жыл ішінде қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылаудың пәрменді тетігіне, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда қоғамдық кеңестердің рөлі ерекше. Жуырда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді жариялады. Мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі өзгерістер мен рухани дамуы бағытындағы бастамалар көтерілді. Міне, осы Құрылтайда айтылған маңызды ойлар мен идеяларды Түркістан жұртшылығы да қолдап, оң пікірлерін білдіріп жатыр. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оның алғашқы отырыстары өтіп жатыр. Маңызды комиссияға облысымыздың атынан да өкілдер қатысуда. Бұл да жергілікті жердегі азаматтық қоғам институтына деген сенімнің көрінісі. Алдағы уақытта да қоғамдық кеңестер әділетті қоғам құру, заң үстемдігін нығайту, ашықтық пен сенімді арттыру жолында белсенді жұмысын жалғастырады деп сенемін. Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров бірқатар белсенді азаматқа марапат тапсырды.
Жиында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиев, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Алмас Салимов және облыстың Құрметті азаматы Шәріпбек Жамалбеков құттықтау сөз сөйледі. Облыс өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, халық әндері мен отандық және шетелдік композиторлардың танымал әндерін орындады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 18 қоғамдық кеңес нәтижелі жұмыс атқарып, өңірлік маңызы бар мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. 2025 жылы барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің 226 отырысы және 107 қоғамдық тыңдау өткізіліп, шешімдер қабылданды. Соның ішінде 270 мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалып, қоғамдық кеңестің мүшелері өзекті мәселелер бойынша 258 қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргізген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *