Жолдау жүктеген міндет: Арыста өндірістік 5 жаңа жоба жүзеге асырылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ел экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлік саланы дамыту және аймақтардың әлеуетін толық пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Президент, әсіресе, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы өңірлердің өсіп-өркендеуіне жол ашу қажеттігін атап өтті.
«Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда, орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Жолдау жүктеген осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Арыс қаласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның айқын дәлелі ретінде қала аумағында жүзеге асырылып жатқан өндірістік және логистикалық жобаларды айтуға болады.
Жуырда Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Арыс–Шардара тас жолы бойында салынып жатқан өндірістік парк аумағында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында қала басшысы мердігер мекемеге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
«Әр аудан мен қалада жаңа өндірістік алаңдар ашу жөнінде облыс басшысының нақты тапсырмасы бар. Негізгі мақсат – жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту. Сондықтан бұл жобалар уақытында іске қосылуы тиіс», – деді қала әкімі.
Жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайтын өндірістік парк аумағында қазіргі таңда 6 ғимараттың құрылысы қарқын алып отыр. Әр ғимараттың көлемі 480 шаршы метрді құрайды. Өндірістік аймақты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, электр желісі толық тартылып, кәріз жүйесі мен ауызсу скважинасы дайын. Ал, қазіргі таңда табиғи газ желісін жүргізу жұмыстары жалғасуда.
Бұйыртса, өндірістік парк аумағында термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз жасау, түйе сүтін терең өңдеу және табиғи газды есептегіш құралдар өндіру бағытындағы бес жоба іске асырылады. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қала әкімі жұмыс сапары аясында жеке инвестор есебінен салынып жатқан «құрғақ порт» логистикалық алаңында да болды. Аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын бұл орталықта теміржол тұйығы тартылған. Сонымен қатар, жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы ауыр жүк көліктері сатып алынған. Қайсар Маңқараев аталған жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтіп, инвесторларға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қала басшысы «Coca-Cola» компаниясының ресми дистрибьютері саналатын «BADAM DRINKS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің транспорттық-логистикалық орталығында болды. Аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын да теміржол тұйығымен қамтылған. Қазіргі таңда мұнда 60-тан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Орталық Арыс қаласымен қатар Ордабасы және Бәйдібек аудандарына өнім жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Жалпы алғанда Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар Мемлекет басшысының кәсіпкерлік саласын дамыту, орта бизнесті қолдау және өңірлік экономиканы нығайту жөніндегі тапсырмаларының нақты көрінісі деуге болады. Жаңа өндірістер мен логистикалық орталықтардың іске қосылуы қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да серпін бермек.
