Кентауда Президент Жолдауын талқылаған алқалы жиын өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді талқылау мақсатында Кентау қаласы әкімдігінде кеңейтілген жиын ұйымдастырылды. Бұл шара – Президент ұсынған стратегиялық бастамаларды жергілікті деңгейде түсіндіру және оларды орындау жолдарын айқындауға бағытталды.
Жиынға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова төрағалық етті. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері және БАҚ қызметкерлері қатысты.
Алқалы жиын барысында сөз алған қатысушылар Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарға тоқталып, өз пікірлерін ортаға салды. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, әлеуметтік әділдікті нығайту және халықтың әл-ауқатын көтеру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар жаңа технологияларды енгізудің өңірлік экономикаға және тұрғындардың тұрмыс сапасына тигізетін оң әсеріне назар аударды.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері аға буын өкілдері ретінде жастарды заманауи білім мен технологияларды игеруге шақырып, ел дамуына өз үлестерін қосуға үндеді. Жастар ұйымдарының өкілдері Президент бастамалары жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, креативті идеяларды жүзеге асыруға жол беретінін айтты. Білім беру саласының қызметкерлері жаңа оқу бағдарламалары мен цифрлық платформаларды енгізудің маңызына тоқталды.
Қорытынды сөзінде Ақнұр Байболова Мемлекет басшысы айқындаған бағыттарды орындауда әрбір мекеме мен азаматтың белсенділігі шешуші рөл атқаратынын атап өтті:
– Президент Жолдауында айтылған бастамалар – ел болашағының нақты бағдары. Бұл міндеттерді іске асыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Кентау қаласы осы бағытта барлық күш-жігерін жұмсап, дамудың жаңа кезеңіне үлес қосуды мақсат етеді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Жиын соңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін ынтымақтастықта жұмыс жүргізуге дайын екендерін білдірді. Алдағы уақытта Кентау қаласының түрлі мекемелері мен ұйымдарында түсіндіру кездесулері жалғасып, тұрғындарға жаңа реформалардың мазмұны кеңінен жеткізілмек.
