Президент тапсырмасы: Сауранда 6,3 шақырым жолға асфальт төселуде
Елімізде жол сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында:
«Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деп атап өткен болатын.
Бүгінде бұл тапсырма Түркістан облысында да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жол жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапасы облыс әкімдігі мен сала басқармаларының жіті бақылауында. Айта кетейік, осындай ауқымды бастамалардың өңірлік деңгейде қалай жүзеге асып жатқанын Сауран ауданындағы нақты атқарылған жұмыстардан көруге болады.
Жуырда аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудандық маңызы бар Ынталы–Қаражон бағытындағы автокөлік жолында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын бұл жол қазіргі уақытта асфальт төсемімен жабылуда. Жолдың ені – 6 метр, асфальт қабатының қалыңдығы – 5 сантиметр.
Жөндеу жұмыстарын «Свх-Ақтоғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мердігер мекеме бекітілген кестеге сәйкес жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды көздеп отыр. Аудан басшысы жұмыс сапасына назар аударып, мердігерге нақты тапсырмалар беріп, құрылыс жұмыстарының 2025 жылдың қыркүйек айына дейін толық аяқталуы қажеттігін ескертті.
Ынталы мен Қаражон елдімекендерін байланыстыратын бұл жолдың жөнделуі жергілікті тұрғындардың қатынасын едәуір жеңілдетіп, ауылішілік және ауданаралық көлік инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал етпек.
Ел Президентінің тапсырмасына сай, елді мекендер арасындағы жолдардың жағдайын жақсарту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, өңірлік дамуды жеделдету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
