Таза Қазақстан: Сауран ауданында ескі карьерлердің орнына заманауи қоқыс полигондары орналастырылмақ

Елімізде экологиялық тәртіп пен қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру мақсатында қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың басынан бері республика бойынша 767-ден астам экологиялық шара ұйымдастырылып, оған түрлі сала өкілдері, еріктілер мен азаматтар белсенді қатысып келеді.

Бүгінде бұл бастама ел көлемінде ғана емес, әрбір өңірде, әр ауданда нақты нәтиже беріп отыр. «Таза кәсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» сынды акциялар дәстүрлі сипат алып, қоршаған ортаны қорғау, өндірістік мәдениетті көтеру, тарихи жерлерді сақтау мен су айдындарын тазарту сияқты маңызды міндеттерді іске асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстарға азаматтармен қатар бизнес құрылымдары, студенттер, мектеп оқушылары мен жергілікті билік өкілдері де белсенді қатысуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған бастаманың ел үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Таза Қазақстан» шарасы аясында бірнеше айдың ішінде жүздеген мың үй ауласы тазартылып, миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында елімізде жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады», – деді Президент.

Бүгінде бұл бастама нақты жүйелі тәсіл, саяси ерік-жігер мен азаматтардың белсенді қатысуы арқылы нәтижелі жүзеге асуда. Мәселен, Түркістан облысының өзінде өткен аптада 187 тазалық шарасы өткізіліп, 63 028 тұрғын атсалысты. 193 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, экологиялық құқық бұзушылықтарға қатысты да шаралар күшейтілген. Облыс бойынша 20 465 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 498 млн теңгеге айыппұл салынды. Оның 247 млн теңгесі өндірілді. Қазіргі уақытта «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі арқылы 2 993 өтінім қабылданған. Оның ішінде 2 979 өтінім толық орындалса, қалған 14-і – орындалу үстінде.

Бұл бастама аясында Сауран ауданында да бірқатар маңызды істер атқарылуда. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың тапсырмасымен аудандағы рұқсатсыз орналасқан қоқыс полигондарының жай-күйі арнайы тексерілді. Анықталған келеңсіз жағдайлар бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Әкім қолданыстағы полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіруді, бұрын пайдаланылған карьерлердің орнын тиімді пайдаланып, заманауи стандарттарға сай қоқыс полигондарын орналастыруды міндеттеді. Сонымен қатар, полигон аумағында қауіпсіздік шараларын күшейту үшін жылжымалы күзет үй-жайлары орнатылады.

Аудан әкімдігі тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастаған азаматтар мен мекемелерге қатысты заң аясында шара қолданылатынын ескертті. Қоршаған ортаны ластағандарға әкімшілік жаза қолданылып, апта сайынғы есеп беру тәртібі енгізілді. Сондай-ақ Сауранда «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған 200-ге жуық тұрғын ерікті түрде қатысты. Акция барысында 6 арнайы техника жұмылдырылып, 12 тоннадан астам тұрмыстық қалдық арнайы орындарға жеткізілді. Тазалық жұмыстары негізінен қоғамдық аумақтар мен көпшілік жүретін көшелерді қамтыды.

Аудан әкімдігі мұндай бастамалар халықтың экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *