Жолдау жүктеген міндет: Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының драйвері
Қазір бақша өсіруші диқандар үшін қызу науқанның кезеңі. Уылжып піскен қауын мен қарбызды дер кезінде жинап, оны тұтынушыға жеткізу – үлкен еңбек пен ұйымшылдықты қажет ететін жауапты іс. Бүгінде Мақтааралда дәл осындай қарбалас тірлік қайнап жатыр. Қауын мен қарбыз қабылдау бекеттеріндегі тіршілікке көз салсаңыз, таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек етіп жүрген шаруалар мен жұмысшылардың маңдай терінің өтеуі ретінде мол табысқа жетуге ұмтылысын көресіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері болуы керек екенін үнемі атап өтеді. Бұл бағытта Президент: «Біз ауыл еңбеккерлерінің табысын арттырып, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға баса мән береміз. Ауыл – елдің алтын діңгегі» – деген болатын. Бұл бағыттағы тапсырмалар бүгінде жергілікті жерлерде, соның ішінде Мақтаарал ауданында да нақты жүзеге асуда. Соның жарқын дәлелі – Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі «Рамис» шаруа қожалығының тынымсыз еңбегі.
Биылғы маусымда бұл шаруашылық 120 гектар жерге қауын мен қарбыз егіп, жаздың аптабында да, түнгі салқында да өнім жинауға білек сыбана кіріскен. Кәсіптің иесі – тәжірибелі диқан Рамис Махмудовтың айтуынша, шаруашылық алдымен екі қабат пленка астына егілген «Торпеда» сортты қауынды түгел жинап, өткізіп үлгерген. Қазір ашық алқаптағы «Валет» сортты қауын жинау жұмыстары жүріп жатыр. Өнімнің түсімі де, сапасы да көңіл қуантады. Әрбір жүк көлігіне 20 тоннадан қауын тиеліп, Қазақстанның түрлі қалалары мен шекара асып, Ресейге жөнелтілуде.
Қарбалас шақта әр минуттың бағасы алтынмен тең. Сондықтан шаруашылық екі бригада ұйымдастырып, бір бригада бақшадан қауын үзіп жатса, екіншісі өнімді тіркемелерге артып, тоңазытқышы бар көліктерге жедел тиеумен айналысуда. Мұнда 50-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олар күнделікті 4-5 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзіне айналып отыр. Ауа райы қолайсыз болып, су тапшылығы сезілген шақтың өзінде қауын мен қарбыздан мол өнім алу – бұл диқанның біліктілігі мен еңбектің нәтижесі. Шаруашылық өніміне сұраныс жоғары. Өнімдер Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қатар, Ресейдің де нарығына жол тартуда. Президент Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытудың бір жолы – оның экспорттық әлеуетін арттыру екенін атап өткен еді. Бүгінде сол бастамалар өміршеңдігін дәлелдеуде.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, экономиканы әртараптандыру мүмкін емес. Ең алдымен, ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп, одан кейін шетелге экспортты ұлғайтуымыз керек», – деген болатын. Мақтаарал ауданының шаруалары осы тапсырманы іс жүзінде орындап отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен қатар, оны сұрыптап, орау, тасымалдау және сату секілді барлық кезеңдерде жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Бұл – ауылдағы жұмыссыздықты азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды тетік. Әсіресе, күн-түн демей маусымдық жұмысқа жұмылған еңбеккерлердің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Рамис Махмудов есімімен аталатын шаруашылықта И.Ахметов, К.Каримов, А.Махмудов сынды азаматтар ерекше іскерлік танытып, қауын-қарбыз алқаптарында үздіксіз жұмыс атқаруда. Бұл – ауылдың нағыз тірегі – еңбек адамы екенін тағы бір дәлелдейтін жайт. Осы сынды шаруа қожалықтары мен еңбекқор диқандардың арқасында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, ішкі нарықтың қажеттілігі өтеледі және экспорттық әлеует артады. Президент Жолдауында айтылғандай, әрбір ауыл тұрғынының табысы – мемлекеттің назарында. Ол үшін тиімді жер саясаты, су ресурстарын басқару жүйесі, фермерлерге қаржылай қолдау және өнім өткізу нарықтарына қолжетімділік сынды бағыттар біртіндеп іске асуда. Мақтаарал ауданындағы бұл еңбек көрінісі – жай ғана маусымдық шаруа емес, бұл – ауылдың өмірі, ел экономикасының өзегі, әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі. Ауыл шаруашылығына жаңаша көзқарас, тың технология мен еңбекке адалдық арқасында ауыл қайта түлеп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.
