Президент тапсырмасы: Түлкібаста шағын өндірістік аймақтардың құрылысы жүргізілуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өнеркәсіп саласын дамытуға ерекше назар аударды. Президент аймақтардың экономикалық әлеуетін арттырудың негізгі жолы – жаңа өндіріс орындарын ашу екенін атап өтіп, өңірлерде кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде белгіледі.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту қажеттігін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Аталған міндеттер бүгінде өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді деуге болады.
Мәселен, Түлкібас ауданында шағын өндірістік аймақтарды дамыту бағытында қолға алынған жобалар көбеюде. Қазіргі таңда аудан аумағында бірқатар ауылдық округтерде өндірістік аймақтардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Атап айтқанда, Т.Рысқұлов, Балықты және Машат ауылдарының маңынан шағын өндірістік аймақтар құрылуда. Аудан орталығының маңындағы өндірістік аймақта 3,8 гектар жер телімі 8 кәсіпкерге бөлініп берілген. Бұл аумақта шағын жиһаз цехтары және өзге де өндірістік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар іске қосылған жағдайда жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасына оң әсерін тигізбек.
Сондай-ақ, Балықты ауылының маңынан 10 гектар жер телімі 10 кәсіпкерге беріліп, онда 10 мал бордақылау алаңының құрылысы жүзеге асырылуда. Бұйыртса, бұл нысандар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, ет өндірісінің көлемін арттыруға және кәсіпкерлердің әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ал, Машат ауылдық округінде 8 гектар аумақта мал бордақылау және сою бекетінің құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында тәулігіне 200 басқа дейін ірі қара мал союға қауқарлы заманауи бекет салу жоспарланған. Сонымен қатар, ет өнімдерін сақтау мақсатында заманауи тоңазытқыш қондырғылар орнатылмақ. Бұл өңірде ет өнімдерін өңдеу мен сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жоба болмақ.
Аудан әкімі Асқар Естібаев аталған өндірістік алаңдарды арнайы аралап, құрылыс барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы өндірістік аймақтардың құрылысын жандандыру және белгіленген мерзімде аяқтау бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен, оның ішінде су, жол және электр желілерімен толық қамтамасыз ету үшін орын алып отырған кемшіліктерді жедел түрде реттеуді тапсырды. Сонымен қатар, жауапты бөлім басшыларына өндірістік нысандардың ағымдағы жылдың наурыз айында іске қосылуына барлық жағдай жасауды қатаң ескертті.
Түйіндей келгенде, Түлкібас ауданында шағын өндірістік аймақтарды дамыту кәсіпкерлікті қолдаудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды тетігі болып отыр. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмалардың нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Өндіріс дамыған жерде – экономикалық өсім, халықтың әл-ауқаты мен тұрақты даму бар. Осы бағыттағы жұмыстар Түлкібас ауданында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
