Жолдау жүктеген міндет: Сайрамда өндірістік парк ашылып, 5 инвестициялық жоба іске асырылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басу қажеттігін атап өткен болатын. Президент өз сөзінде қазіргі таңда әлемдік деңгейде инвестиция үшін бәсеке күшейіп отырғанын, осы жағдайда Қазақстан жаңа инвестициялық саясат қалыптастыруы тиіс екенін айтқан-ды. Мемлекет басшысы өңдеу саласына, жоғары технологияларға және қосылған құны жоғары өндірістерге қаржы тарту керектігін нақтылады. Бұл бағытта Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға инвестициялық ахуалды түбегейлі жақсарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Президент Жолдауында айқындалған осы стратегиялық бағыттар өңірлерде нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып келеді. Соның бір жарқын мысалы ретінде Сайрам ауданында өндіріс саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстарды айтуға болады. Аудан аумағында өңдеу өнеркәсібін өркендету, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында бірқатар ауқымды бастамалар қолға алынуда.

Сайрам ауданындағы өндірістік парк ашу жобасы ерекше маңызға ие. Жобаны іске асыру мақсатында Ақбұлақ ауылдық округі аумағынан жалпы көлемі 2,4 гектарды құрайтын жер телімі белгіленді. Бұл аумақта жалпы құны 950 млн теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 38 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда өндірістік парк аумағында 3 нысанның құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары шамамен 90 пайызға орындалған. Атап айтқанда, алғашқы жоба – сүт өнімдерін қайта өңдеу цехы. Бұл жобаның жалпы құны 350 млн теңгені құрайды. Цех іске қосылған жағдайда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған және қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл Президент Жолдауында айтылған өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі міндеттермен толық үндеседі.

Екінші жоба – қағаз шығару цехы. Жобаның құны 250 млн теңгені құрап, нәтижесінде 10 жаңа жұмыс орны ашылады. Қағаз өнімдерін жергілікті жерде өндіру импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға жол ашады. Сонымен қатар, бұл жоба экологиялық талаптарды сақтай отырып, өндірісте заманауи технологияларды қолдануға негізделген.

Үшінші жоба – күн панельдерін орнату арқылы электр энергиясын өндіру. Жобаның құны 50 млн теңге, ал жаңа жұмыс орындарының саны – 2 адам. Бұл бастама жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған және жоғары технологияларды енгізу арқылы өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруды көздейді. Президент Жолдауында айтылған цифрландыру мен инновациялық дамудың нақты көрінісі де осы жобадан айқын байқалады.

Сонымен қатар, өндірістік парк аумағында қосымша екі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, сендвич-панель шығару цехы мен құрамажем өндіретін цехтарды орналастыру бойынша қажетті құрылыс құжаттары рәсімделіп жатыр. Бұл жобалар да өңдеу саласына бағытталған және құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға тың серпін береді. Аталған бастамалардың барлығы 2025–2026 жылдары кезең-кезеңімен іске асырылмақ.

Сайрам ауданында өндірістік паркті дамыту – аудан экономикасын әртараптандыруға, шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін арттыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай өндірістік алаңдар инвесторлар үшін қолайлы инфрақұрылым ұсынып, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл бастамалар Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту, жоғары технологияларды енгізу жөніндегі стратегиялық тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетеді.

Жалпы алғанда Сайрам ауданында қолға алынған өндірістік парк жобасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің артуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң ықпал етпек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *