АЭС жобаларын экономикалық жағынан тиімді етуге болады

Қазір біз жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудамыз. Оның да қоршаған ортаға зияны жоқ. Осы жағынан алғанда бізге одан бас тартудың қажет жоқ. Әрине, ол тұрақты түрде энергия өндіре алмайды. Оның жұмысы ауа-райына байланысты. Жалпы атом электр станциялары мен жаңартылатын энергия көздері бір-біріне кереғар емес, керісінше олар бірін-бірі толықтырып отырады. Сондықтан, бізге жаңартылатын энергия көздерін  атом энергетикасымен қатар дамытқан тиімді.

Бүгінде күн және жел электр стансалары Қазақстанның емес, шетелдік инвесторлардың күшімен салынуда. Зерттеушілердің айтуынша, алдағы бес жылда 13 млрд кВт/сағ-тан асатын электр энергиясы тапшылығының өсуі сезіледі. Бұл өз кезегінде бізді шетелден электр энергиясының өсіп келе жатқан импортына тәуелді етеді. Оның үстіне, импорттық электр энергиясы қымбат болып келеді. Қазақстан халқы санының өсуі, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласының дамуы да қоғамымызда электр энергиясын тұтынудың артуына алып келеді. Демек, осы ұлттық басымдықтардың барлығын жүзеге асыру, электр энергиясын өндірудің басқа да түрлерін дамытуды қажет етеді.

Атом электр станциясының құрылысы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын болады. Айталық, энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті әртараптандырылады, заманауи технологияларды енгізіледі, қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындылары азайтылады және осы арқылы экологиялық жүктеме кемиді, жаңа жұмыс орындары пайда болуы. Жұмыс істеп тұрған атом электр станциясындағы бір жұмыс орны, орта есеппен инфрақұрылымда 10-ға дейін жаңа жұмыс орнын жасақтайды (құрылысшылар, сервистік қызметкерлер, ғалымдар, техникалық қызметшілер және т.б.).

Сонымен қатар, атом электр станциясының құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды да дамытатынын ескеру керек. Мәселен, аймақты дамытудың жаңа бағдарламасы жасалып, онда жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынады. Атом электр стансасының құрылысы жергілікті бюджетке түсетін салықты арттыруға серпін беріп, ұзақ уақыт бойы электр энергиясының тұрақты бағасын қалыптастыруға ықпал етеді. Атом электр стансасы 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді.

Атом электр стансасы жобаларына шетел инвестициясын тарту және мемлекетке түсетін қаржылық жүктемені азайту үшін бірнеше стратегияны қолдануға болады. Мәселен, инвесторлар үшін болжамды кірісті қамтамасыз ететін кепілдендірілген тарифтері бар электр қуатын сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімдерді қоса алғанда, инвесторлар үшін тартымды шарттар әзірленуі керек. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетіктерін пайдалануға болады. Жобаларды қолдауға Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттарын тарту, сондай-ақ шетелдік компанияларға салық жеңілдіктері мен басқа да жеңілдіктер беру маңызды екенін ескерген жөн. Мұндай іс-шаралар елімізге инвестиция тартумен қатар, мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтып, АЭС жобаларын тұрақты әрі экономикалық жағынан тиімді етуге мүмкіндік береді.

Бүрбекұлы Уәш — Қасымбек Датқа ауылының биі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *