АЭС 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді

«Атом электр станциясының құрылысы іргелес аймақтардағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін» дейді зерттеушілер. Яғни, атом электр станциясын салу арқылы жұмыс орындары ғана ашылып қоймайды, ол өз кезегінде сауда, қоғамдық тамақтандыру, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларының да дамуына әсер етеді. Жергілікті бизнестің өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, құрылысшылар мен зауыт жұмысшылары тарапынан осы қызметтерге сұраныстың артуы жаңа кәсіпорындардың кеңеюіне және ашылуына серпін береді.

Атом электр станцияларын салу материалды, жабдықтарды және техникалық қызмет түрлерін де көрсетуді талап етеді. Мұндай тауарларды өндірумен немесе жеткізумен айналысатын жергілікті компаниялар жаңа келісімшарттар түзіп, бизнестерін дөңгелете бастайды. Атом электр станцияларының ұзақ мерзімді жұмысы тұрақты жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Бұл өңірге қосымша инвестиция әкеледі. Құрылыс, техникалық қызмет көрсету және жөндеу секторларында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес  субъектілері өсу және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін осы мүмкіндіктерді пайдалана алады. Қорыта айтқанда, мұндай ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық дамуына өз септігін тигізеді.

Әрине, Қазақстанда атом электр станцияларының құрылысы ең алдымен энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға көмектеседі. Елімізді өзінің энергетикалық ресурстарын дербес басқаруға мүмкіндік беретін сенімді және тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді. Сыртқы тәуекелдерді барынша азайту және жоба қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сенімді халықаралық серіктестермен ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі тетіктері, сондай-ақ озық технологияларды енгізу қарастырылған. Мұны неге айтып отырмыз. Өйткені, қазір ел ішінде атом электр станциясының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіруші топтар да бар.

Реті келген айта кетейік, атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның халықаралық мәртебесін айтарлықтай арттырып, әлемдік аренадағы орнын нығайта алады. Сонымен қатар, атом электр станциялары елді энергетикалық тәуелсіздікпен қамтамасыз етіп, импорттық ресурстарға тәуелділікті азайтады. Атом энергиясын пайдалану көміртегі шығарындыларын азайтады, елдің экологиялық беделін арттырады. Атом электр станцияларын дамыту экономикалық өсуді ынталандыра отырып, технологиялық прогреске және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Қазақстан атом энергетикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, әлемдік аренадағы саяси ықпалын айқындайды.

Жоғарыда атом электр станцияларының құрылысы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін айтып өттік қой. Енді осыларға нақты тоқталып өтейік. Біріншіден, энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті әртараптандыруға,  заманауи технологияларды енгізуге,  қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындыларын азайту арқылы экологиялық жүктемені азайтуға, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, жұмыс істеп тұрған атом электр станциясындағы 1 жұмыс орны инфрақұрылымда орта есеппен 10 жаңа жұмыс орнын ашады (құрылысшылар, сервистік қызметкерлер, ғалымдар, техникалық қызмет көрсетуші персонал және т.б.). Атом электр станциясының құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды дамытуды да көздейді. Мәселен, облысты дамытудың жаңа бағдарламасы жасалып, онда жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер және т.б. салынады. Атом электр станциясының құрылысы жергілікті бюджетке түсетін салықты арттыруға серпін беріп, ұзақ уақыт бойы электр энергиясының тұрақты бағасын қалыптастыруға ықпал етеді. Атом электр стансасы 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда елімізде ғалымдар III және III+ жаңа буынды атом электр станциясын салуды ұсынуда. Олардың ерекшелігі белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің үйлесімі болып табылады. Олар ішкі және сыртқы қауіп-қатер жағдайында атом электр станцияларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айталық, мұндайда атом электр станциялары су тасқыны, 8 баллға дейінгі жер сілкінісі сияқты табиғи апаттарға төтеп бере алады. Бұл ретте іштен қандай да бір ақау орын алса, атом электр станциясының ішінде орналасқан заттардың сыртқа шығуын арнайы күмбез бөгейді. Сондықтан, оның қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын.

Нишанбаев Абдурахман — Қарабұлақауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *