Алматыда су басу қаупі жоғары 56 аймақ анықталды
Алматыда су басуға барынша бейім 56 аумақта апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізу талап етіледі. Қала әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен өткен кеңесте көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» қызметкерлері күн сайын қаланың барлық ауданындағы су айдынына, өзен арнасына мониторинг жүргізеді. Департамент мәліметінше, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай, Қарғалы, Ақсай, Жарбұлақ, Тіксай өзеніндегі жағдай тұрақты. Судың іркілуі мен мұздар жоқ, су кедергісіз ағып жатыр, сең жүрмейді деп болжанып отыр.
Қала халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылғы су тасқыны кезеңіне ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің, қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің және әкімдіктің мердігерлік ұйымдарының күштері мен құралдарының жалпы саны 2 581 адам және әртүрлі мақсаттағы 1 078 бірлік әртүрлі техника жасақталды. Су тасқынына қарсы жұмыстарға 23 500 қап және 17 843 тонна инертті материал дайындалды.
13 ақпандағы жағдай бойынша 765 км арық желісі қардан, мұздан және қоқыстан тазартылды, бұл – жоспардың 57,5%-ы. Бұл жұмысқа күн сайын 79 техника мен 283 адам жұмылдырылды. Арық желісін тазартуды ақпан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.