Бізге тұрақты, таза әрі арзан энергия қажет
Атом электр станциясын салу туралы мәселеге келгенде халықтың пікірі екіге жарылып отыр. Осыған байланысты елімізде 6 қазан күні жалпыхалықтық референдум өткізілмек. Менің айтайын дегенім, атом электр станциясын салу туралы айтқанда халық бірден үрейге бой алдырады. Чернобыль апатын алға тартады. Сондықтан, бізге ең алдымен неден қорқып жатқанымызды анықтап алуымыз керек сияқты. Мамандар атом электр станицясындағы ядролық реакторлардың құрылымы, буыны мен қауіпсіздік жүйесі мүлде бөлек болатынын айтады. Нақтырақ айтар болсақ, елімізде салынуы мүмкін атом электр стансасында екі контурлы су-сулы реакторлар болады екен. Олардың әлемде қолданылып келе жатқанына 57 жыл болыпты. Және бұл реакторлар арқылы жұмыс істейтін атом электр станцияларында осы күнге дейін бірде-бір апатты жағдай немесе оқыс оқиға орын алмаған екен.
Қазіргі таңда елімізде қолданылып жатқан электр энергиясының басым бөлігі жылу электр стансаларында өндірілуде. Ал, олардың бәрінің тозығы жетіп тұр. Екіншіден, жылу электр станцияларында көмір жағылатындықтан, мұның қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіріп жатқанын айтып жеткізу қиын.
Соңғы жылдары елімізде күн және жел арқылы электр энергиясын өндіру ісіне де ерекше ден қойылған болатын. Бұл да жақсы. Дегенмен, ол күн көзі мен желге тікелей байланысты жұмыс істейді. Ауа-райыма тікелей тәуелді болғандықтан, бұлай өндірілетін энергия тұрақты емес. Сондықтан, бізге тұрақты, таза әрі арзан энергия қажет.
Әбдіразақ Баймаханов,
Ақсукент ауыл округінің Қоғамдық кеңестің мүшесі