Шолаққорған ауылында ауқымды абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүріп жатыр

Елімізде соңғы жылдары өңірлерді дамытуға бағытталған нақты қадамдар жасалып келеді. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әлеуметтік әділетті қоғам құру үшін өңірлер арасындағы алшақтықты азайту қажет. Елдің нағыз дамуы – ауылдан басталады» деген сөзін басшылыққа алған жергілікті билік әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп отыр. Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында соңғы уақытта жүргізіліп жатқан ауқымды абаттандыру және құрылыс жұмыстары осының айғағы десек болады.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылы С. Қожанов және Жібек жолы көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолдары, көше жарықшамдары, жол жиегіне қойылып жатқан бордюрлер мен бетон арықтар (латоктар) жаңартылып жатқан учаскелерге барды. Қала көркі мен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бұл жұмыстар ауылдың эстетикалық әрі функционалдық келбетін жаңғыртуға бағытталған. Мұндай жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, әлеуметтік инфрақұрылымның заман талабына сай жетілуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, аудан әкімі құрылыс алаңдарында мердігер компаниялардың өкілдерімен кездесіп, сапаға басымдық беруді қатаң ескертті.Одан кейін, «Жасыл белдеу» жобасы аясында егілген көшеттердің күтімі мен сақталуы да бақылауға алынып, табиғи орта мен экологияны сақтау мәселесіне назар аударылды.

Ең ірі жобалардың бірі — С. Қожанов көшесін абаттандыру жұмыстары. Бұл – Шымкент бағытындағы кіреберістен «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі ұзындығы 7 шақырымды құрайтын аумақта жүзеге асып жатыр. Көшенің екі жағына жаяу жүргінші жолдары төселуде. Жоба аясында 235 дана көше жарықшамы, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындықтар орнатылады.

Ал, Жібек жолы көшесінде Түркістан бағытындағы айналма жолдан бастап «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі 6 шақырымдық аумақта қос бағытты аяқ жол салынып жатыр. Сонымен бірге, 2,5 шақырым бетондалған арықтар (латоктар) жаңартылып, Ш. Оқшиев көшесінен айналма жолға дейін 1,5 шақырымдық велосипед жолы салынуда, Заманауи үлгідегі жарықшамдар мен демалыс орындары да орнатылатын болады.

Мұндай жобалар ауданның тек инженерлік емес, әлеуметтік тұрғыдан да дамып жатқанын көрсетеді. Көшелердің көркейіп, жарықтандырылып, жаяу жүргінші және веложолдардың салынуы халықтың өмір сүру ортасын қауіпсіз әрі қолайлы етуге бағытталған. Сонымен қатар, бұл жобалар жұмыс орындарын көбейтіп, құрылыс саласы арқылы жергілікті экономиканы жандандырады.

Бүгінде Созақ ауданы тұрғын үй, мәдениет, спорт, білім беру мен жол инфрақұрылымы бойынша ауқымды серпіліс кезеңінде тұр. Тұрғын үйлердің  құрылысы, «Достар» стадионы мен спорттық-сауықтыру кешені, жаңа кітапхана сынды жобалардың жүзеге асып жатқаны осының айқын дәлелі. Барлық бұл жобалар Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда жергілікті биліктің жүйелі жұмыс істеп жатқанын білдіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *