Жолдау жүктеген міндет: Созақ ауданында инфрақұрылым жаңғыруда

Түркістан облысының Созақ ауданында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың тұрмыс сапасын арттыру, өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларымен үндес. Президенттің әрбір Жолдауында елді мекендердегі жол, жарық, сумен қамту және абаттандыру мәселелері басты назарда тұратыны белгілі. Соның нәтижесінде бүгінде еліміздің барлық аймақтарында, оның ішінде Түркістан облысында да елді мекендерді көркейту мен жайластыру бағытындағы жұмыстар кең ауқымда жүргізілуде. Осы орайда, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің Шолаққорған ауылындағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалармен танысуы – жергілікті биліктің халық игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарын жіті бақылауда ұстап отырғанының нақты дәлелі. Сапар барысында аудан басшысы ішкі көшелердегі күрделі жөндеу, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы мен көгалдандыру жұмыстарының барысын көзбен көріп, мердігер мекемелер мен жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, С. Қожанов және Жібек жолы көшелеріндегі жұмыстар – аудан орталығын жаңғыртуға бағытталған кешенді жобаның бір бөлігі. Қожанов көшесі – ауданның Шымкент бағытына кіреберіс тұсы, яғни халықтың ең көп жүретін негізгі көлік және жаяу жүргіншілер желісі. Мұнда қазіргі таңда 7 шақырымдық аумақта үлкен жолдың екі жағына аяқ жолдар салынуда. Жоба аясында 235 жарықшам, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындық орнату қарастырылған. Сонымен қатар, үлкен трасса бойына 352 көше жарықшамы қойылып, кешкі және түнгі уақытта тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасалады. Жібек жолы көшесі де өңір үшін маңызды көлік артериясы. Түркістан бағытындағы айналма жолдан бастап «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі 6 шақырымдық аумақта екі жақты жаяу жүргіншілер жолы төселуде. Бұл жоба аясында 2,5 шақырым бетон арықтар (латоктар) жаңартылып, 1,5 шақырымдық велосипед жолы салынып жатыр. Аталған көшелерге жарықшамдар, қоқыс жәшіктері мен демалуға арналған орындықтар орнату да қарастырылған. Мұндай кешенді жұмыстар Президент ұсынған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылды жан-жақты дамыту мақсатын көздейді.

Аудан басшысы сапар барысында мәдениет саласындағы маңызды нысан – жаңадан салынып жатқан аудандық кітапхана құрылысымен де танысты. Бұл жоба – тек мәдениет нысаны ғана емес, сонымен қатар жастар мен оқырман қауым үшін білім мен тәрбиенің ошағы болмақ. Жаңа кітапхана қазіргі заман талабына сай жабдықталып, цифрлық инфрақұрылыммен қамтылуы жоспарланған. Сонымен бірге, Мұхит Тұрысбеков «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ демеушілігімен Жеткіншек мөлтек ауданында салынып жатқан екі қабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарын аралап көрді. Мұнда әрқайсысы 8 пәтерлі 2 үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, тағы 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл – аудан халқының баспанаға деген сұранысын өтеу бағытындағы маңызды қадам. Әкім құрылыс сапасына ерекше көңіл бөліп, мердігер компанияларға белгіленген мерзімді сақтау және сапа стандарттарынан ауытқымау жөнінде нақты ескерту жасады. Жергілікті экологиялық тепе-теңдікті сақтау және көгалдандыру шаралары да назардан тыс қалған жоқ. «Жасыл белдеу» жобасы аясында егілген көшеттердің күтімі мен сақталуы аудан басшысының бақылауына алынды. Бұл – Мемлекет басшысының экологияны сақтау және жасыл инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асырудағы маңызды бағыттардың бірі. Қорытындылай келе, Шолаққорған ауылындағы кешенді абаттандыру мен құрылыс жұмыстары – өңірлік дамудың айғағы, Мемлекет басшысының стратегиялық міндеттерінің орындалуының нәтижесі. Халықтың игілігіне арналған мұндай жобалар елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететіні анық. Алдағы уақытта да Созақ ауданы осы бағыттан таймай, Президент айқындаған «Әділетті Қазақстан» жолында ілгерілеуді жалғастыратыны сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *