Жұмысшы мамандықтар жылы: қос кәсібі — қос қанаты
«Мен – тігінші және информатика пәнінің мұғалімімін. Екі түрлі мамандық иесі болсам да бұл мен үшін біртұтас өмір жолы. Екеуі де – менің жүрек қалауым. Бірі – қолөнер мен шығармашылыққа бастаса, екіншісі – білім мен болашаққа жетелейді. Қос қанатты кәсібім – менің қос арманым!»
Бұл – бізбен әңгімесінде Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінің ұстазы, еңбек және білім саласын қатар алып жүрген Баян Нұрмаханқызының сөзі. Ол – қазіргі заманда бір ғана емес, бірнеше мамандықты игеру – қажеттілікке айналғанын, ал кәсіби шеберлік пен рухани қанағат табу үшін адамға жүрекпен таңдаған мамандық керек екенін айтады.
«Мен ең алғашында қолымнан іс келетінін білгенде, тігіншілікке қызыға бастадым. Киімді тек тігіп қою емес, оны ойлап табу, оны өз қолыңмен жасап шығу – бұл үлкен өнер. Әр жіп, әр мата – өз тарихын айтады. Тігіншілік – менің ішкі әлемімнің көрінісі», – дейді кейіпкеріміз.
Уақыт өте келе білімге деген құштарлығы оны екінші бір арнаға бұрды – ол информатика пәнінің мұғалімі атанды. Сандық технология мен заманауи IT әлемін жастарға үйрету – үлкен жауапкершілік.
«Бүгінгі жастар – болашақтың кілті. Информатика – болашақтың тілі. Мен осы тілді олармен бірге меңгеріп, оларға дұрыс бағыт көрсеткім келеді», – дейді ол.
2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған маңызды қадамдардың бірі. Президент өз сөзінде: «Қоғамда техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуіміз керек. Жұмысшы – экономиканың тірегі. Бұл – мәртебелі міндет» – деп атап өтті. Баян Нұрмаханқызының кәсіби жолы – осы сөздің жарқын дәлелі. Ол тек білім үйретіп қана қоймай, жастарға нақты кәсіпке баулып, оларды еңбекке баулуды да басты мақсаты санайды.
«Жастардың бәрі бірдей бірден университетке түсіп, ақ жағалы маман бола алмайды. Бірақ бұл – олардың болашағы жоқ деген сөз емес. Жұмысшы мамандығы – адамды ерте еңбекке араластырып, өз кәсібімен табыс табуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жақсы тігінші, аспаз, дәнекерлеуші, фермер немесе IT маманы – қоғамда ең қажетті тұлға. Өз ісіңді шебер меңгерсең – өмірің де мәнді болады», – дейді ұстаз. Баян Нұрмаханқызы да өзінің алғашқы кәсіби білімін Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінде алған. Бұл білім ордасы – 60 жылдан аса тарихы бар, мыңдаған түлекке жол ашқан қасиетті қара шаңырақ. «Біз бұл колледжде тек тігін тігуді ғана үйренген жоқпыз. Біз адам болып қалыптастық. Ұстаздарымыз бізге еңбекке құрметпен қарауды, шынайы тәжірибе мен шеберліктің құнын түсінуді үйретті. Қазір мен сол жолды жалғастырып, жастарға тек білім емес, өмірлік бағыт беріп келемін», – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде колледждің басты артықшылықтары мемлекеттік грант негізінде тегін білім, жатақхана мен 3 мезгіл тамақ, заманауи шеберханалар мен жабдықтар, білікті ұстаздар мен жайлы орта, жолақы төлемі, қосымша үйірмелер мен спорт секцияларын құрайды.
«Бұл – нағыз кәсіби жолға алғашқы берік қадам. Сен тек мамандық алып қоймайсың, өзіңді табасың. Кейін жүрегің қалап жатса, университетке түсіп, екінші мамандық оқисың. Бірақ ең бастысы – сенде нақты кәсіп болады, сен өмірден өз орныңды таба аласың!» – деп жастарға үндеу тастайды ұстаз.
«Мен үшін тігіншілік – нәзіктік пен шабыттың, ұстаздық – парасат пен логиканың көрінісі. Бірі – қолмен істейтін, екіншісі – ақылмен атқарылатын еңбек. Бірақ екеуі де – елге, ұрпаққа қызмет ету жолы. Бір мамандық – нәпақа, екіншісі – миссиям. Бұл екі саланы қатар алып жүру – мені жан-жақты, үздіксіз дамып отыратын тұлға ретінде шыңдады», – дейді Баян ханым.
Баян Нұрмаханқызы – жұмысшы мамандықтың қадірін терең түсінетін, еңбектің құндылығын жастарға үйретуден жалықпайтын нағыз заманауи ұстаз. Оның кәсіби жолы – тек жеке жетістік емес, өзгеге үлгі болатын өмірлік сабақ. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында дәл осындай азаматтардың еңбегі мен тәжірибесі жастарға жол көрсетіп, елге сенімді тірек болады.
