Әжелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі орасан зор
Жас жеткіншектердің бойына отбасының қос шынары алатаудай атасы және аналардың анасы-әженің адам өмірінде алатын орнын, оларға көмек көрсету-халықтық дәстүр екендігін, әжелер тәрбиесінің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудегі маңызын ұғындыру.
Қазақ отбасындағы әже орны ерекше әрі қадірлі. Әже — отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Қазақ қоғамында әдетте жас отау иелерінің тұңғыш баласын әжесі бауырына басады. Бала ата-әженің кенжесі саналып, немерені әжесі тәрбиелеп, бағып-қағады. Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік әрі берік. Балажан қазақ үшін ата мен әжеге жас сәби жай ғана ермек емес, тәрбиеленуші ерекше субъект.
Әже — отбасының алтын қазығы. Өмірден көргені мен түйгені мол әжелеріміздің тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені әже баламен үлкен адамша сөйлеседі. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің мәнін біледі. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі, онымен қоса әже шаңырақтағы қарым-қатынасты реттейді, балаларды мейіріммен, ақылымен өмірге бейімдейді.
Әжелер батырлар жырын айтып баланы ерлікке баулып қана қоймайды, ата-бабасының тарихынан хабардар етіп отырған. Әдетте әже тәрбиесін алған баланы жұрт «тәрбиелі бала», «көргенді бала» деп баға беріп жатады. Өйткені, әженің мейіріміне бөленіп, тәрбиесін алып өскен бала өжет, рухы биік батыр әрі мейірімді, адал болып өседі. Сондықтан, әжелерді таптырмас тәрбие мектебі дегім келеді.
Әлия ШАЛАБАЕВА,
Сайрам аудандық ардагерлер алқасының жанынан құрылған әжелер алқасының төрайымы.