Қазығұрт ауданында тұрғын үй кезегіндегі 12 адам баспанамен қамтамасыз етіледі
Қазығұрт ауданында құрылыс жұмыстарының көлемі жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Айталық, 2022 жылы 7,7 млрд. теңгені құраса, 2023 жылы кұрылыс көлемі 9,1 млрд. теңгеге артып, бұл көрсеткіш тиісті кезеңмен салыстырғанда 118,2 пайызды құрады. Былтыр пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 27,9 мың шаршы метрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 101,1 пайызға орындалды. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 28,3 шаршы метрге жеткізу жоспарлануда.
Қазығұрт ауданында 2020 жылдан бастап тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жалпы 247 млн. теңге бөлініп, 28 пәтер пайдалануға берілді. 2023 жылы тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды қамтамасыз ету мақсатында, жалпы бюджеттен 384 млн.теңге бөлініп, 40 азаматқа пәтер сатып алында.
Сонымен қатар, 2024 жылы тұрғын үй кезегіндегі 12 азаматты қамтамасыз ету мақсатында, бюджеттен 158 млн.теңге бөлінді. Айта кетейік, халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 1 млрд. теңге бөлініп, Қазығұрт елді мекеніндегі «Шығыс» мөлтек ауданының 80 гектардағы 552 жер теліміне инфрақұрылым жүйелері (газ, су) жүргізілуде.
Айта кетейік, бүгінде облыста 61 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 846, көп балалы отбасылар – 22 324, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 23 346, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 13 620 және жалғыз тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған азаматтар – 88. Осыған орай, биылғы жылдың 11 айында кезекте тұрған 1 227 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті. Ал, Түркістан облысы құрылғаннан бастап бес жыл ішінде кезекте тұрған 6 457 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтылған.