Президент тапсырмасы: Түлкібас ауданында 21 елді мекенде ауыз су мәселесі толық шешімін табады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Әрбір үйде ауыз су болуы керек» дей келе еліміздегі су ресурстарын тиімді пайдалану және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін, әсіресе ауылдық жерлерде, таза ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету Үкіметтің басты міндеті.

Бұл міндеттер аясында Түлкібас ауданында ауыз су мәселесін шешуге бағытталған ауқымды жобалары өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен мүмкіндік береді.

Түлкібас ауданы – Түркістан облысының ең ірі және әлеуеті зор өңірлерінің бірі. Аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың басты индикаторларының бірі – тұрғындардың сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі. Бүгінгі таңда ауданның 59 елді мекені, яғни 104 647 тұрғыны толық орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын. Осы міндетті орындау мақсатында өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқтала кетейік.

Ауыз су көздерінің түрлеріне келер болсақ, 19 елді мекен тік ұңғымалардан (барлығы 47 ұңғыма), ал 40 елді мекен бастапқы бастау көздерінен, яғни сорғы қондырғылары арқылы ауыз су алады. Бұл – ауданда су мәселесін шешуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Облыстық бюджеттен 512,2 млн теңге бөлініп, Састөбе кенті, Жиынбай және Жыланды елді мекендерінде ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, 15 ауылдың ауыз су жүйелерін жөндеу үшін жалпы 625 млн теңгенің сметалық құжаттары әзірленіп, оның 299,5 млн теңгесі қаржыландырылды. Аудандық бюджеттен тағы 33,9 млн теңге бөлініп, Майтөбе, Күмісбастау және Ақбиік ауылдарының су жүйелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Нәтижесінде, 21 елді мекенде ауыз су мәселесі толық шешімін табады жоспарлануда. Бұдан бөлек, 6 ауылда ағымдағы жөндеу және қосымша 2 елді мекенде ұңғымалар қазу жұмыстарына сметалық құжаттар дайындалып, жалпы құны 1 млрд теңге болатын жобалар қаралуда.

Орайы келгенде аудандағы ең ауқымды жобалардың бірі Машат және Жабағылы ауылдарындағы ауыз су құбырларының құрылысы жайлы да айта кетейік. Бұл жобалар республикалық бюджеттен қаржыландырылып, 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 98 пайыз деңгейінде аяқталған. Сонымен қатар, Мыңбай және Сеславино ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылысын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру қарастырылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *