Түлкібас ауданында «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 елдімекенде медициналық нысан салынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру халқымыздың әл-ауқатын көтерудің басты бағыттары екенін айта келе, әрбір тұрғынға қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету мемлекеттің міндеті екенін баса айтты.
Бүгінде бұл бағытта Түлкібас ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, қазіргі таңда өңірде 55 денсаулық сақтау мекемесі тұрғындарға қызмет көрсетеді. Олардың құрамына 1 аурухана, 1 аудандық емхана, 14 дәрігерлік амбулатория, 22 фельдшерлік акушерлік пункт, 12 медициналық пункт, 3 жедел жәрдем бекеті бар. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлердің «Алатау» және «Балбөбек» медициналық орталықтары да халыққа қызмет көрсетуде.
Былтыр ауданда 656 бала туылып, ана өлімі тіркелмеген. Бір жасқа дейінгі балалар арасында 5 өлім жағдайы болған, жалпы қайтыс болғандар саны — 230 адам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы туралы айтып «Шеткері орналасқан елді мекендерге серпін беретін қадам. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» деген сөз. Біз осы қағидаға сай жұмыс істеуіміз керек. Себебі мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды. Осы орайда, мен баршаңызға үндеу тастағым келеді» деген болатын.
Бүгінгі таңда Президент бастамасымен қолға алынған «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауданда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып, тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар жасап отыр. Мәселен, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы және облыстық бюджет есебінен «Абайыл» (медициналық пункті – 143,4 млн теңге), «Мақталы» (фельдшерлік акушерлік пункті – 312 млн теңге), «Тастыбұлақ» (медициналық пункті – 122 млн теңге) және «Шақпақ баба» (дәрігерлік амбулаториясы – 330 млн теңге) елді мекендеріндегі медициналық нысандар халық игілігіне берілді.
Алдағы уақытта халыққа қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында 12 елді мекенде жаңа медициналық нысандар салу қажеттігі туындап отыр. Олардың ішінде Рысқұлов ауыл округі, Азаттық ауылы, Ақбиік ауыл округі, Құлан ауылы, Машат ауылдық округі, Қызылбастау ауылы, Мичурин ауылдық округі, Майтөбе ауылы, Жаскешу ауылдық округі, Жанұзақ және Пістелі ауылдары бар. Сала мамандарының мәлімдеуінше, осы аталған нысандарға қаржы қарастыру үшін қажетті құжаттар салалық басқармаға жолданды.
Қызылбастау (халық саны – 478 адам) және Азаттық (халық саны – 4039 адам) ауылдарындағы медициналық тірек нысандарын салу жұмыстары тиісті басқармадан қолдау тауып, қазір жүргізілуде. Ал, қалған Майтөбе, Құлан, Жанұзақ және Пістелі елді мекендерінде құрылыс жүргізу үшін жер телімдері анықталды. Салалық басқарманың қолдауымен алдағы уақытта бұл жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Медициналық қызметтер сапасын арттыру және жаңа емханалар салу арқылы әрбір қазақстандықтың денсаулығын қорғау – біздің ортақ міндетіміз». Түлкібас ауданында осы бағытта нақты шаралар қолға алынып, тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасын табуда.
