Сенаторлар Арыс қаласындағы кәсіпорындарды аралады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде ауылды дамытудың басты тетігі ретінде кәсіпкерлікті, әсіресе ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Президенттің айтуынша, ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыру үшін жеке шаруалардың басын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыру аса маңызды.
«Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды. Алайда, бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құрады. Олар жеке шаруашылық иелері мен өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді», – деген Мемлекет басшысы кооперацияны бүкіл ел бойынша жүйелі түрде дамытудың қажеттігін атап өтті.
Президенттің бұл тапсырмалары өңірлерде нақты істермен жалғасын табуда. Айталық, бүгінде Арыс қаласында ауыл және өндірістік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бірнеше жоба қолға алынуда. Жақында Арыс қаласына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатвалдиев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш арнайы іссапармен келді. Сапар барысында халық қалаулылары қаладағы бірқатар өндірістік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Сенаторлар қала орталығында орналасқан «Арай» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. 1994 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан бұл аяқ киім цехі бүгінде ерлер мен әйелдерге арналған 300-ге жуық аяқ киім түрін шығарады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 20 мың жұп аяқ киім өндіруге мүмкіндік береді. Цех орналасқан ғимараттың жалпы жер көлемі 100 шаршы метр болса, оның 80 шаршы метрі өндірістік алаң ретінде пайдаланылуда.
Айта кетерлігі, кәсіпорынның айналым қаражатын толықтыру мақсатында 2025 жылы «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 18,0 миллион теңге несие алынған. Бұл мемлекеттік қолдау өндіріс көлемін арттыруға және жұмыс орындарын сақтап қалуға оң ықпал етіп отыр.
Іссапар барысында сенаторлар Арыс–Шардара тас жолы бойында орналасқан өндірістік парк құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайтын өндірістік аймақта қазіргі таңда 6 ғимараттың құрылысы басталған. Әр ғимараттың көлемі 40×12 метрді құрайды, яғни 480 шаршы метр. Ал, барлық нысанның жалпы өндірістік алаңы 2880 шаршы метрге жетеді. Сонымен қатар, әрбір өндірістік ғимарат үшін 20 соттық жер телімін бөлу жоспарланған.
Өндірістік паркті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Электр желісі толық тартылған, кәріз жүйесі мен ауызсу скважинасы дайын. Қазіргі таңда табиғи газ желісін тарту жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сәйкес, бұл өндірістік паркте термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз жасау, түйе сүтін терең өңдеу және табиғи газды есептегіш құралдар шығару бағытында бес жоба жүзеге асырылады. Бұл бастамалар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.
Іссапар аясындағы маңызды кездесулердің бірі Арыс қаласындағы «Ардагерлер үйінде» өтті. Мұнда сенаторлар зиялы қауым өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен және қоғам белсенділерімен жүздесіп, қала мен ел дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму, ауыл кәсіпкерлігін қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру, денсаулық сақтау ұйымдарын жаңарту бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.
Сенат депутаттары көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды заңнамалық деңгейде қарастыруға және тиісті мемлекеттік органдарға жеткізуге ықпал ететіндерін жеткізді.
