«Қолөнершілер орталығында» заманауи туристік визит-орталық ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Туризмді дамыту жөніндегі кеңесте Президент бұл саланың әлемдік экономикадағы үлесі артып отырғанын атап өтті. Бүгінде туризмнің әлемдік жалпы өнімдегі үлесі 9 пайыздан асып, пандемияға дейінгі деңгейге қайта жеткен. Сондай-ақ, дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы осы салаға тиесілі.

Сондай-ақ, Президент халықаралық туристердің менталитеті мен сұранысын ескере отырып, сапалы сервис пен кәсіби мамандар даярлау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, алдағы бес жылда Қазақстанға келетін туристер санын екі-үш есеге арттыруға толық мүмкіндік бар. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан қаласында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жуырда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте кәсіпкерлік және туризм саласының 2025 жылғы атқарған жұмыстары мен 2026 жылға арналған жоспарлары талқыланды.

2025 жылдың қорытындысымен Түркістан қаласына 1 015 200 турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 106,1 пайызды құрап отыр. Оның ішінде шетелдік туристер саны 21 842 адамға жетіп, бір жыл ішінде екі есеге артқан. Қалаға келген қонақтардың басым бөлігі Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Қытай, Үндістан, АҚШ және Германия елдерінен.

 Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 107,1 млн теңгені құрап, сала бойынша жылдық салық түсімдері 15,7 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі таңда қалада туризм бағытында 9 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл көрсеткіштер Түркістанның туристік әлеуеті жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады.

Жиын барысында «Қолөнершілер орталығы» аумағында заманауи туристік визит-орталық ашу жобасы таныстырылды. Аталған орталықта туристерге тарихи-мәдени нысандар, туристік маршруттар, гид қызметтері, қонақ үйлер, қоғамдық көлік бағыттары, әуе және теміржол билеттері туралы ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылатын болады.

Сонымен қатар, мәжілісте вокзал аумағындағы ретсіз сауда, жұмыс істемей тұрған дүкендер, рұқсат етілмеген сауда нүктелері мен әлеуметтік дүкендердің талапқа сай келмеуі мәселелері көтерілді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы сала мамандарына қатаң ескерту жасап, туристерге қызмет көрсету сапасын арттыруды, мәдени-рухани орталық пен туристік нысандардағы барлық кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.

Туризм – тек демалыс саласы емес, ол – экономиканың, кәсіпкерліктің және халықаралық имидждің маңызды тетігі. Осы орайда Түркістан қаласының туристік бағыттағы жүйелі жұмыстары өңірдің ғана емес, тұтас елдің дамуына серпін беретіні анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *