Президент тапсырмасы: Келес ауданында 51.5 млрд теңгеге 7 аграрлық жоба жүзеге асуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы ауылмен тікелей байланысты екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде халқымыздың 40 пайызы ауылдық жерлерде тұрады, сондықтан агроөнеркәсіп кешенінің дамуы – бүкіл елдің, әсіресе ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық сала.
Осы стратегиялық бағыт аясында Келес ауданы ауыл шаруашылығы саласында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналып отыр. Келестік диқандар ерте көктемнен бастап жер-ананы баптап, қар түскенге дейін тынымсыз еңбек етеді. Соның нәтижесінде бүгінде ашық алқаптың өзінде жылына үш өнім алу тәжірибесі қалыптасқан. Осындай табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалану мақсатында ауданда агроөнеркәсіп кешені бағытында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда Келес ауданында жалпы құны 51,5 млрд теңгені құрайтын 7 ірі ауыл шаруашылығы жобасы іске асырылып, 1 467 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Аталған жобалардың ішіндегі ең ірісі – «Ecoculture-Eurasia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатқан заманауи жылыжай кешені. Жалпы аумағы 500 гектарды құрайтын бұл жобаның алғашқы кезеңінде 50 гектар жер игерілуде. Жобаның жалпы құны – 42 млрд теңге. Нәтижесінде 1 337 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс жұмыстары 2025–2026 жылдары жүргізіледі деп жоспарланғанымен, 2025 жылдың өзінде-ақ 6,25 гектар аумақ пайдалануға берілді. Бұл ірі жоба Ақтөбе ауылдық округінің аумағында орналасқан және өңірдің көкөніс өнімдерімен қамтылуын арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де күшейтпек.
Ауданның өзге ауылдық округтерінде де ауыл шаруашылығы саласы тың серпін алуда. Мәселен, Ошақты ауылдық округінде «EcoPaulownia KZ» ЖШС 100 гектар жерге павлония көшеттерін отырғызу жобасын іске асырып, 500 млн теңге көлемінде инвестиция тартуды көздеп отыр. Бұл жоба аясында 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Павлония ағашы экологиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді дақыл саналады.
Мал шаруашылығы саласында да ірі жобалар қолға алынуда. Қошқарата ауылдық округінде «Абдималиков Мейіржан» шаруа қожалығы 15 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр. Құны 8,0 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 2026 жылы іске асырылып, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Бұл бастама ет өндірісін арттырып, ауданның мал шаруашылығындағы әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Бау-бақша және жүзім шаруашылығы да Келес ауданында қарқынды дамып келеді. Біртілек ауылдық округінде «Умаров» шаруа қожалығы 12 гектар аумаққа шабдалы бауын отырғызуда. 200 млн теңгелік бұл жоба нәтижесінде 10 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, осы округте жеке кәсіпкер «Абдиев» жүзім шаруашылығын дамытып, 3,2 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба 20 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Алпамыс батыр ауылдық округінде «Ер-Тайыр» агроөнеркәсіп кешені 67 гектар аумақта жүзім бауын дамытуды қолға алған. Құны 400 млн теңгені құрайтын жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асып, 30 адамды жұмыспен қамтымақ. Ал, Ақтөбе ауылдық округінде «Бозсу» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытып, 200 млн теңге көлемінде инвестиция тартуда. Бұл жоба аясында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Берекелі жері мен еңбекқор халқы бар Келес ауданы бүгінде агроөнеркәсіп кешені саласында жаңа белестерді бағындыруда. Мұнда іске асырылып жатқан жобалар – өңір экономикасының тірегі ғана емес, ауылдың болашағына бағытталған нақты әрі нәтижелі қадамдар. Мемлекет басшысы айқындап берген ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі стратегиялық бағыт Келес ауданында нақты істермен жүзеге асып, өңірдің аграрлық әлеуетін одан әрі арттыруға жол ашып отыр.
