Президент тапсырмасы: Бәйдібекте мал тұқымын асылдандыру бағытында нақты жұмыстары жүргізілуде

Қазақстанда ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы саласын дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында айқын атап өтті. Президенттің айтуынша, еліміздің байтақ даласы жыл он екі ай бойы мал бағуға толық мүмкіндік береді және осы табиғи артықшылықты тиімді пайдалану – уақыт талабы.

Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жолында еліміздің өңірлерінде нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның бірі ретінде Бәйдібек ауданында орналасқан «Нұрболат» шаруа қожалығын айтуға болады.

Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин Бәйдібек ауданына жұмыс сапарымен келіп, асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын аталған шаруашылықтың қызметімен танысты. Іссапар барысында депутат шаруашылықта жүргізіліп жатқан селекциялық жұмыстардың барысын көріп, мал тұқымын асылдандыру бағытындағы жүйелі әрі ғылыми негізделген еңбектерге жоғары баға берді.

«Нұрболат» шаруа қожалығында селекционер Кенжеәлі Мұғалбаевтың жетекшілігімен бірнеше жылға созылған ғылыми-тәжірибелік жұмыстардың нәтижесінде жаңа «Байсары» қой тұқымы шығарылған. Бұл тұқым Ауғанстаннан әкелінген бойы биік, өнімді қошқарлар мен Қырғызстандағы «Арашан» қой тұқымын будандастыру арқылы алынған.

Нәтижесінде дене бітімі ірі, жалпақ, құлағы ұзын, ет өнімділігі жоғары жаңа қой тұқымы қалыптастырылды. «Байсары» қойлары негізінен қызыл және қара түсті болып келеді. Қазіргі таңда үшінші кезеңдік будандастыру нәтижесінде «Бури» деп аталатын жаңа түрін шығару жұмыстары жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, бұл жаңа қой тұқымы өзге мал түрлерімен салыстырғанда бір жылда үш есе салмақ қосу мүмкіндігіне ие. Мұндай көрсеткіш еліміздегі мал шаруашылығының өнімділігін арттыруға, асыл тұқымды мал санын көбейтуге және ет экспортының әлеуетін күшейтуге зор мүмкіндік береді.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин ауыл шаруашылығы саласындағы осындай озық бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланудың қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, ол «Нұрболат» шаруа қожалығының жұмысына оң бағасын беріп, алдағы уақытта да селекциялық және өндірістік бағыттағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.

Бәйдібек ауданындағы бұл бастама Мемлекет басшысы айқындаған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттердің нақты іске асып жатқанын көрсетеді. Ғылым мен тәжірибені ұштастыра отырып, асыл тұқымды мал өсіру – ауыл экономикасын көтерудің, халықты жұмыспен қамтудың және елдің экспорттық әлеуетін арттырудың маңызды жолы екені сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *