Келестегі экологияға қамқорлық – ел болашағына жасалған игі іс

Экология – бұл қазіргі қоғамның ең өткір әрі маңызды мәселелерінің бірі. Табиғатпен үндесе өмір сүру, қоршаған ортаны аялау – тек бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да қауіпсіздігі мен сапалы өміріне тікелей әсер ететін фактор. Осыны терең түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында, түрлі сұхбаттары мен мақалаларында елімізде экологиялық мәдениетті дамыту, жасыл бастамаларды қолдау және табиғатты қорғау ісіне серпін беру қажеттігін баса айтып келеді.

Президент Жолдауында: «Экология және табиғатты қорғау – мемлекеттің стратегиялық басымдығына айналуы тиіс. Бұл бағытта батыл әрі нақты қадамдар қажет», – деп атап өткен болатын. Осы міндеттерді орындау жолында еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі шаралар қолға алынуда. Солардың бірі – Түркістан облысы, Келес ауданында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған кең көлемді сенбілік пен ағаш отырғызу жұмыстары. Бұл игі бастама тек табиғатқа қамқорлықты арттырып қана қоймай, азаматтық жауапкершілікті, экологиялық мәдениетті де нығайтатын тиімді құралға айналып отыр.

Іс-шараға аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, білім беру, денсаулық сақтау саласының өкілдері, сонымен қатар 8 мыңға жуық ерікті тұрғын белсене қатысты. Жұмыстарға 19 арнайы техника тартылып, сенбілік жоғары деңгейде өтті.Жол бойындағы арамшөптер шабылып, ауылішілік арық-атыздар тазартылып, қоғамдық орындар мен инфрақұрылым маңдары ретке келтірілді. Сонымен қатар көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылып, егілген көшеттерге күтім жасау, оларды қоршау және жүйелі суару жұмыстары да назардан тыс қалмады. Биыл Келес ауданы бойынша “Жасыл-Желек” коммуналдық мекемесі арқылы 50 600 түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Оның 25 300-і көктем мезгілінде отырғызылып, қазіргі таңда оларды күтіп-баптау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл – табиғатты қалпына келтіруге бағытталған жүйелі әрі нақты қадам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2024 жылғы Жолдауында экологияны қорғау мәселесін тағы да назарға алып: «Жасыл экономикаға көшу – Қазақстанның болашағы. Әрбір мемлекеттік орган мен өңір әкімдігі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған нақты жобалармен айналысуы керек», – деген еді. Бұл тапсырма аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ел көлемінде «Таза Қазақстан» атты республикалық акцияны қолға алды. Аталған бастама еліміздің әр өңірінде нақты нәтижесін беруде. Ағаш отырғызу, сенбіліктер өткізу, аумақтарды абаттандыру мен қоқысты сұрыптау бағытындағы шаралар жылдан жылға кеңейіп келеді.

Келес ауданындағы іс-шаралар да осы стратегиялық ұстанымның нақты іске асуының дәлелі. Жергілікті әкімдік пен коммуналдық қызметтердің, азаматтық қоғам мен жастардың бірлескен еңбегі экологиялық жауапкершілікті арттыруда үлгі боларлық.Бүгінде табиғатты аялау тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, әрбір азаматтың парызына айналуы тиіс. Бұл бағытта жастардың белсенділігі ерекше рөл атқарады. «Жасыл Ел», «EcoQolday», «Жасыл Мекен» сынды жобалар аясында ерікті жастар табиғатты қорғау шараларына белсене қатысуда.

Келес ауданындағы сенбілік кезінде де еріктілердің ұйымшылдығы мен жоғары белсенділігі ерекше байқалды. Парламент пен Үкімет экологиялық кодексті жаңартып, орман қорын көбейту, елді мекендерді көгалдандыру, су ресурстарын үнемді пайдалану бойынша заңнамалық негіздер қалыптастырды. Осыған сай әрбір өңірге нақты тапсырмалар беріліп, ағаш отырғызу, тұрмыстық қалдықтарды басқару және ауаны ластанудан қорғау жұмыстары жүйеленіп келеді.

Президент өз Жолдауында атап өткендей: «Біз балаларымызға таза ауа, мөлдір су мен жасыл орман қалдыруымыз керек. Бұл – әр буынның алдында тұрған қасиетті міндет». Бұл сөздер ел азаматтарына ғана емес, жергілікті билік өкілдеріне де зор жауапкершілік жүктейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *