Ұлттық құндылық – ұлы мұрат

Қазіргі таңда ел руханиятын жаңғырту, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, өзінің Жолдауында: «Ұлттық болмысымызды сақтап қалу – стратегиялық маңызы бар міндет. Тарихымызды түгендеу, мәдениетімізді насихаттау және дәстүрімізді жаңғырту – ел болашағы үшін қажет», – деп атап өткен еді. Түркістан облысының Келес ауданында өткен “Ауыл Fest – Бірлік пен Береке мекені” атты мазмұнды мереке осы үндеуге жауап беретін нақты іс-шара болды.  Келес өңірінде өткен бұл дәстүрлі мәдениет мерекесі ауыл рухын асқақтатып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуда ерекше маңызға ие болды. Ауыл тұрғындары, жастар мен ақсақалдар, өнерпаздар мен қолөнершілер – барлығы да бұл мерекеде бас қосып, қазақ халқының бай мәдени мұрасын ортаға салды. Әсіресе жастардың белсенділігі мен шынайы ықыласы көпшілік көңілінен шықты.

“Ауыл Fest” шарасының негізгі мақсаты – ұлттың төл болмысын бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, салт-дәстүр мен ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау болды. Бағдарлама аясында арқан тарту, ләңгі тебу, садақ ату, қошқар көтеру секілді ата-бабадан мирас болған ойындар ойнатылып, ауыл жастары мен тұрғындары белсене қатысты. Бұған қоса қамыр ашыту, таба нан пісіру сияқты ұлттық тағамдар сайысы да ұйымдастырылып, ауыл әйелдерінің шеберлігі паш етілді. Мемлекет басшысы өзінің түрлі мақалаларында жастар тәрбиесіне қатысты былай дейді: «Бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеу үшін біз ең алдымен рухани тұтастығымызды сақтауымыз қажет. Ұрпағымызды ана тілін құрметтейтін, дәстүріне адал, елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет». Осы ретте, «Ауыл Fest» аясында өткізілген ұлттық мәдениет пен өнерді ұлықтауға бағытталған шаралар – жас буынды рухани жаңғыртуға ықпал етіп, олардың ұлттық сана-сезімін нығайтудың нақты көрінісіне айналды. Шара барысында ауыл келбеті мен дәстүрлі тұрмыс кеңінен таныстырылды. Ән-күй мен ұлттық тағамдар көрмесі, шеберлік сабақтары мен ұлттық киімдер дефилесі ауыл өмірінің шынайы бейнесін көрсетті. Жастар мен үлкендердің бірлесе қатысуы, түрлі ұрпақ өкілдерінің ортақ мақсатта жұмылуы ауылдағы ауызбіршілік пен ынтымақтың жарқын үлгісіне айналды.

Мереке соңында ұлттық ойындар бойынша жеңімпаздар марапатталды. Бірінші орынды Қошқарата ауылының жастар командасы жеңіп алса, екінші орынды Ошақты ауылы иеленді. Үшінші орын Жамбыл ауылының еншісінде қалды. Жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталып, көпшілікке алғыс айтылды.

Іс-шараға қатысқан барлық ауыл тұрғындары мен қонақтар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Олардың айтуынша, мұндай рухани, тәрбиелік мәні бар жиындар тек мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ауыл өміріне серпін береді, қоғамдық белсенділікті арттырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында: «Біздің басты байлығымыз – бірлік. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ғана біз мемлекеттілігімізді сақтап, жаңғырта аламыз», – деп атап өткен болатын. Осы орайда, Келес ауданындағы «Ауыл Fest» мерекесі – ел Президентінің бастамаларын іске асырудың, ұлттық жаңғыру идеяларын өмірде көрсету мен қолдаудың жарқын мысалы.

Түркістан облысында жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен мемлекеттік мекемелердің үйлесімді жұмысы халықтың сұранысына сай мәдени-рухани жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Аудан әкімдігі, ауылдық округтер мен жастар ұйымдары мұндай іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне тікелей атсалысып келеді. Бұл – жергілікті билік пен азаматтық қоғам арасындағы сындарлы байланыс нәтижесі. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау – бұл өткенді құрметтеу ғана емес, келешекке бағытталған парасатты қадам. Келес ауданында өткен «Ауыл Fest» мерекесі – бірлік пен берекені, салт-дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген тағылымды шара болды. Бұл фестиваль – ауыл өмірінің ерекше маңызын көрсетіп, қазақ халқының рухани қуатын қайта жаңғыртуға жол ашты. Осындай мазмұнды іс-шаралар көбейсе, ел болашағы жарқын, ұлт болмысы биік болары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *