Экологиялық мәдениет: Созақта сенбілік ұйымдастырылды
Созақ ауданында «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау» күніне орай ұйымдастырылған жалпыаудандық сенбілік – қоғам мен мемлекеттің қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің айқын көрінісі болды. Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологияны қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау, жергілікті жерлерде экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі бастамалары мен Жолдауларында көрсетілген тапсырмаларының жүйелі түрде іске асып жатқанын дәлелдейді.
Президент еліміздің тұрақты дамуы мен азаматтардың денсаулығын сақтау үшін экологиялық мәселелерді шешуді басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырып келеді. Оның тікелей тапсырмасымен қазіргі таңда Парламент, Үкімет және жергілікті өзін-өзі басқару органдары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты шаралар қабылдап, қоғамның барлық салаларын қамтитын ауқымды жұмыстар жүргізуде. Созақ ауданында өткен сенбілік – осы мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде жүзеге асқан нақты мысалы.
Іс-шараға ауданның барлық ауылдары мен елді мекендері жұмылдырылып, тазалық пен көгалдандыру жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылды. Аудан орталығы Шолаққорған ауылында ғана емес, Құмкент, Созақ, Жартытөбе және басқа ауылдарда да тұрғындар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары мен еріктілер белсенділік танытты. Бұл – қоғам мен мемлекеттің бірлесіп әрекет етуінің нәтижесі.
Шолаққорған ауылында 5 сектор бойынша бөлінген аумақтарда 144 көше қамтылып, әр мекеме өзіне тиесілі бөліктерде тазалық пен көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Ауыл ішіндегі көшелер, демалыс аймақтары, саябақтар, жол жиектері мен айналма жолдар тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, су ағымының кедергісіз жүруі үшін арық-атыз жүйелері ретке келтірілді. Бұл жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруге де ықпал етті.
Сонымен қатар, аудан аумағында «Мөлдір бұлақ» акциясы өткізілді. Бұл бастама Мемлекет басшысының экологиялық бастамаларын жүзеге асырумен тікелей байланысты. Аталған акция шеңберінде өзен-көлдердің жағалаулары мен арық жүйелері тазартылып, судың еркін ағысы қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығына қажетті су көздерін сақтау және тиімді пайдалану – қазіргі таңда аса маңызды міндеттердің бірі. Ауыл тұрғындарының бұған белсене қатысуы – экологиялық жауапкершіліктің артқанын көрсетеді. Жалпы сенбілік жұмыстарына 6500-ден астам тұрғындар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар және еріктілер тартылды. Аумақтарды тазартуға 30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 20 шақырымға жуық өзен-көл жағалаулары мен арық жүйелері тазартылып, 110 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар арнайы полигонға шығарылды. Бұл – табиғатты қорғауға арналған бір күндік акция емес, тұрақты экологиялық тәртіп пен жүйелі еңбектің бастамасы.
Мұндай сенбіліктер арқылы халық арасында экологиялық сана қалыптасып, қоршаған ортаны таза ұстау – әр адамның азаматтық борышы екені кеңінен насихатталуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жасыл экономиканы дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерін үнемі күн тәртібінде ұстап келеді. Бұл саясат бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде нақты істермен көрініс табуда. Парламент пен Үкімет экология саласындағы заңнаманы жетілдіріп, жаңа экологиялық кодексті қабылдады. Бұл құжаттар еліміздің табиғи байлықтарын сақтау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі ұстанымдарын нақтылай түседі.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы Созақ ауданында ұйымдастырылған жалпыаудандық сенбілік – Мемлекет басшысының экологияны қорғауға арналған бастамаларын өңірлік деңгейде іске асырудың үлгілі көрінісі. Қоршаған ортаны таза ұстау – тек бір күндік шара емес, бұл – әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Осындай бірлік пен ынтымақпен атқарылған жұмыстар арқылы елімізді таза, қауіпсіз және көркейген мемлекетке айналдыруға нақты қадам жасалуда.