Жолдау жүктеген міндет: Ордабасы ауданында 1000 астам педагог курстан өтеді деп күтілуде

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағы – жастардың сапалы білім алуы мен педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру маңыздылығын әр кез айтып отырады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Педагогтар – ұлттың рухани және интеллектуалдық негізін қалыптастыратын негізгі буын. Олардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігі – білім сапасының басты кепілі» деп атап өтті. Бұл сөздер қазіргі қоғамда педагогтардың жауапкершілігінің айрықша екендігін айқын көрсетеді.

Ордабасы ауданында педагогтардың кәсіби дамуына ерекше мән беріліп, оларды үздіксіз оқыту мен қолдау жүйелі түрде жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Білім туралы Заңының 59-1 бабындағы талаптарға сәйкес, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және қызметін курстан кейін қолдау тәртібі мұқият сақталып келеді. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы №95 бұйрығының ережелері негізге алынған.

Аудан бойынша 2022 жылы Педагог шеберлік орталығынан – 417, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан 362 мұғалім қайта даярлаудан өтті. Барлығы 779 педагог біліктілігін жетілдірді. 2023 жылы бұл көрсеткіш одан әрі өсті. Мәселен, «Өрлеу» орталығында – 1198, Педагогикалық шеберлік орталығында 224 педагог курстан өтіп, жалпы 1422 маман кәсіби дамытылды. 2024 жылы да бұл үрдіс жалғасып, 1371 педагог өз пәні бойынша білімін жетілдірді. Ал, биылғы жыл басынан бүгінге дейін 786 педагог курстан өткен, жыл соңына дейін тағы 315 маман курстан өту жоспарлануда.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының басшылары да шеберлігін арттырудан қалыс қалып жатқан жоқ. «Мектеп менеджменті: басқару аспектілері мен әдістері» тақырыбында 54 мектеп директоры мен 11 бастауыш мектеп меңгерушілері арнайы курстан өтті.

Аудандық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да жағдай жақсы. Мұнда 264 педагог қызмет атқарады, олардың 226-сы курстан өтіп, кәсіби біліктілігін жетілдірген. 2025 жылы тағы 38 педагогтың курстан өтуі жоспарланған. Ең маңыздысы, курстан өту мерзімі асып кеткен педагог жоқ, бұл – жүйелі жұмыс пен бақылаудың нәтижесі.

Президент Тоқаев айтқандай, «Білім беру саласындағы табыс – педагогтардың кәсіби шеберлігі мен шығармашылығының жемісі». Ордабасы ауданының педагогтары осы талапқа сай, өз міндеттерін жоғары деңгейде орындап, жаңа буын тәрбиелеуде зор жауапкершілікпен жұмыс істеуде. Олардың үздіксіз білім алуы – өңірдің білім сапасын арттырудың негізгі кепілі.

Осындай ілгерілеу мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Ордабасы ауданы елдің білім беру саласында алдыңғы қатарда тұруға дайын екенін көрсетуде. Алдағы уақытта да педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру мен оларға қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жалғаса бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *