Кентауда ішкі орам жылу жүйелері қайта жаңғыртылуда
Кентау қаласында тұрғындарға сапалы және үздіксіз жылу жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында ішкі орам жылу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының барысын Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов арнайы барып көрді.
Қаланың жылу инфрақұрылымын жаңарту жобасы екі негізгі кезеңнен тұрады. Екеуі де бір уақытта қатар жүзеге асырылуда.
Жобаның бірінші және екінші кезеңдері бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары қатар атқарылуда. Бірінші кезең аясында жалпы ұзындығы 22,2 шақырымды құрайтын жылу жүйелерін қайта жаңарту көзделген. Қазіргі таңда 300 метр жылу құбырлары демонтаждалып, 180 метр құбыр қайта орнатылды.
Екінші кезең бойынша жалпы ұзындығы 44,8 шақырым болатын жылу желілерін жаңарту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 3 шақырым құбыр демонтаждалып, 1,5 шақырым құбыр монтаждалды.
Құрылыс жұмыстары заманауи талаптарға сай жүргізіліп, тозығы жеткен жер асты жылу құбырлары толық жаңартылуда. Бұл жұмыстар қыс мезгілінде жүйенің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қала әкімінің орынбасары құрылыс барысымен егжей-тегжейлі танысып, мердігер ұйымға жұмыстың сапасына ерекше мән беріп, оны белгіленген мерзім ішінде аяқтауды тапсырды.
«Қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруі – біздің басты міндетіміз. Сондықтан әрбір жұмыс кезеңі қатаң бақылауда болады,» – деді Ғалымжан Төлепов.
Аталған жобалардың нәтижесінде Кентау қаласының ішкі орам жылу жүйелері техникалық тұрғыдан жаңарып, ал тұрғындар сапалы, тұрақты жылумен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, бұл бастама энергия тиімділігін арттыруға және жылу жоғалтуды азайтуға мүмкіндік береді.