Елімізде туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр
Түркістан облысында жалпы халық санының 899 494-ін 18 жасқа дейінгі балалар, 435 891-ін фертильді жастағы әйелдер құрайды. Облысымыз жаңа туған нәрестелер саны бойынша да республикада көшбасшы болып отыр. Түркістан облысы – еліміздегі ең демографиясы жоғары аймақ. Жыл сайын 60 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады. Республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысында туылады. 2024 жылдың 5 айында 20 840 нәресте дүниеге келген.
Облыс аумағында 22 босандыру ұйымы медициналық қызмет көрсетеді. Оның ішінде, үшінші деңгейдегі перинаталдық орталықтар саны – 3, екінші деңгейдегі перзентханалар саны – 7, бірінші деңгейдегі перзентханалар саны – 12. Барлық облыстық перинаталдық орталықтарында «Ұрықты қорғау орталығы» ашылып, жұмыс істеуде. Бұл орталықтар хромосомалық ауытқуларға пренаталдық биохимиялық скрининг және тұқым қуалайтын метаболикалық ауруларға неонаталдық скрининг жүргізізеді. №2 облыстық перинаталдық орталығында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылды. Бүгінгі таңда 60 жүкті әйел тексеруден өткен. Жобаның мақсаты – жүктіліктің бірінші триместріндегі денсаулық жағдайын диагностикалау. Барлық процедуралар заманауи құрал-жабдықтармен жүзеге асырылады. Бір күн ішінде клиника мамандары келесі қадамды анықтау үшін генетикалық диагностика жүргізеді.
№3 облыстық перинаталдық орталығында жаңа туған нәрестелерге арналған 2 хирургиялық төсек-орын ұйымдастырылып, катамнез кабинеті ашылды. Кабинет сертификатталған неонатолог маманымен қамтамасыз етілді. Мұнда бүгінгі күнге дейін Түркістан, Кентау, Отырар, Созақ, Сауран аудандарының көрсеткіштері бар 285 нәресте кеңес алды.