Перзентті болуды қалайтын отбасыларға үміт пен мүмкіндік сыйлады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Аңсаған сәби» бағдарламасы перзентті болуды қалайтын отбасыларға үміт пен мүмкіндік сыйлады. Сала мамандарының айтуынша, емделгісі келетін адам тұрғылықты мекенжайы бойынша бейінді мамандардың диспансерлік есебіне тұруы керек. Квотамен ЭКҰ жасататындардың тізімі осы есеп бойынша анықталады. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Пациент Қазақстанның азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі тиіс. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емдеу шарасына дайындық басталады.

Айта кетейік, емделуші экстракорпоральді ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. Емдік шараға дайындық барысында жасанды ұрықтандыру процесін жүргізуге қажетті талдамалар тізімі ұсынылады. Онда ері мен әйелі қатар тапсыратын 40-қа жуық сараптама бар. Бұл сараптамалар жергілікті тәжірибелік және бейіндік мамандардың жолдамасымен МӘМС негізінде тегін (Кейбір сирек талдамалар ақылы болуы да мүмкін) тапсырылады. Міне, сондықтан да,  «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижелі болуы жергілікті жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен гинекологтардың біліктілігі мен жауапкершілігіне көбірек байланысты деуге болады.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәлімдеуінше, өңірімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асып келеді. Осы бағдарлама аясында 2022 жылға 550 квота, ал, 2023 жылға 556 квота бөлініп, игерілді. Ал, 2024 жылға 663 квота бөлінді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *