Төлеби ауданы: Өнеркәсіптік даму – экономиканың локомотиві

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған  Жолдауында: «Біздің экономикамыздың негізгі тірегі – өңдеу өнеркәсібі. Осы салаға инвестиция тарту, технологияны жаңарту және өнімнің сапасын арттыру – еліміздің ұзақ мерзімді табысының кепілі», – деп атап көрсетті. Бұл ұстаным Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында нақты көрініс тапқан. 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша, Төлеби ауданындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,4 млрд теңгеге жетті. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6 млрд теңгеге артық (2024 ж. – 21,8 млрд тг), яғни елеулі өсім тіркеліп отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 74,7 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған (2023 ж. нақты – 45 млрд тг, 2024 ж. нақты – 64,9 млрд тг). Бұл – аудан экономикасында өнеркәсіп саласының рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі де қарқынды өсіп отыр. Аталған сала 2025 жылдың 5 айында 26,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,5 млрд теңгеге артық (2024 ж. – 19,4 млрд тг). Жыл соңына дейін бұл саладағы өндіріс көлемі 69,4 млрд теңгеге жетеді деп болжануда (2023 ж. – 41 млрд тг, 2024 ж. – 59,8 млрд тг). Бұл – ауданның өндірістік әлеуетінің артқанын, жаңа технологиялар мен заманауи өндіріс құралдарының енгізілуінің нәтижесі.

Өнеркәсіп саласындағы өсім – бұл тек экономикалық көрсеткіш емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындары, жергілікті бюджеттің кірісінің артуы және халықтың әл-ауқатының жақсаруы. Президент өз сөзінде бірнеше рет: «Индустриялық-инновациялық даму – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты жол. Әсіресе, шағын және орта өңдеу кәсіпорындарына мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс», – деп атап өткен. Бұл тапсырма Үкімет тарапынан да жүйелі жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған «Өнеркәсіпті дамыту тұжырымдамасы», «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында Төлеби ауданында жаңа өндіріс орындары ашылып, жергілікті кәсіпорындардың қуаты ұлғаюда. Атап айтқанда, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік өндірісі секілді бағыттарда өңдеу өнеркәсібінің белсенділігі артты. Парламенттің заңнамалық қолдауы нәтижесінде индустриялық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктер ұсынылып, жергілікті кәсіпкерлерге субсидия мен жеңілдетілген несие беру тетіктері жетілдірілді. Бұл – Президент Тоқаевтың «Жеке сектор – экономиканың негізі. Оған қолайлы жағдай жасау – биліктің міндеті» деген сөзімен үндес нақты іс-шаралар. Жергілікті деңгейде де жүйелі жұмыс атқарылуда. Төлеби ауданы әкімдігі өнеркәсіп саласын қолдау мақсатында өндірістік алаңдар мен қажетті инфрақұрылымдарды дамытып, кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатып отыр. Сонымен қатар, аудандық өнеркәсіп картасы жаңартылып, инвестициялық жобалар мониторингі тұрақты жүргізілуде. Бұл – басқарудың тиімділігін арттырып, даму қарқынын одан әрі жеделдетуге ықпал етуде. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі – ауыл шаруашылығы мен сауда секторы үшін де жаңа мүмкіндіктер ашуда. Шикізат өңдеу арқылы өнімнің қосымша құны артып, ішкі нарыққа сапалы әрі қолжетімді тауар ұсынылуда. Бұл өз кезегінде ел экономикасындағы импортты алмастыру саясатының өңірлік деңгейде жүзеге асып жатқанын дәлелдейді. Қорыта айтқанда, Төлеби ауданындағы өнеркәсіп саласының өсімі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен мемлекеттік саясаттың табысты іске асып жатқанын көрсетеді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы, өңдеу секторының нығаюы және инновациялық технологиялардың енгізілуі – ауданның экономикалық қуатын арттырып, халықтың өмір сапасына оң ықпал етіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, Төлеби ауданы Түркістан облысының өндірістік драйверіне айналары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *