Ынтымақ ауылында инфрақұрылым жаңғырып, өмір сапасы жақсаруда

Түркістан облысы – еліміздің оңтүстігінде орналасқан, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының қарқынды дамуына мүмкіндік беретін әлеуеті зор өңір. Соңғы жылдары облыста инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық тұрақтылықты сақтау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың жарқын мысалын Келес ауданына қарасты Ынтымақ елді мекенінен көруге болады.

Елді мекендегі өзекті мәселелердің бірі – ауыз су мен ағын су жүйелерінің қолжетімділігі мен сапасына қатысты болды. Бұл проблемаларды жүйелі шешу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Құрылыс жұмыстары аясында терең ұңғымалар қазылып, көтерілімді насос станциялары, су қоймасы мен мұнарасы, тұндырғыштар орнатылып, су құбырлары тартылды. Бұл елді мекенді толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосуды қамтамасыз етті.

Алайда, алғашқы кезеңде ұңғымалардан құм аралас су шығуы кейбір техникалық қиындықтар туғызды. Осыған орай сүзгілер жиі ауыстырылып, қосымша тұндырғыш құрылғы орнату үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Мердігер мекемеге су сапасын жақсартуға қатысты нақты тапсырмалар беріліп, құрылымдарды жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

Ағын су мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Вегетациялық кезеңде суды реттелген кесте бойынша босату арқылы егістік алқаптарды қажетті көлемде сумен қамту қамтамасыз етілуде. Бұл қадам ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырып, жергілікті шаруалардың тұрақты табыс көзіне айналып отыр.

Сонымен қатар, Ынтымақта электрмен қамту мәселесі де оң шешімін тапты. Жоғары және төмен кернеулі электр желілері тартылып, бірнеше трансформатор орнату арқылы елді мекен тұрғындары тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілді. Бұл – тұрғындардың күнделікті тұрмысы мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін маңызды қадам.

Жол инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Қазіргі таңда елді мекендегі ішкі көшелердің жалпы ұзындығы 11 шақырымнан асады. Олардың тек бір бөлігі ғана қанағаттанарлық жағдайда болғандықтан, қалған көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары жоспарланып, тиісті бюджеттік өтінім жасалды. 2025 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, Достық көшесіне орташа жөндеу жүргізу көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында инфрақұрылымды жаңарту, экологиялық қауіпсіздікті сақтау және энергия тиімділігі мәселелеріне баса назар аударып келеді. Бұл бағыттар Түркістан облысының даму стратегиясымен де үндес. Энергия үнемдеу саясаты аясында өңірде электр желілері жаңартылып, энергия шығынын азайтуға бағытталған технологиялар енгізілуде.

Жасыл экономика қағидаттарына сәйкес, экологиялық таза технологияларды енгізу, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және қоршаған ортаны қорғау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Газдандыру жұмыстарының кеңеюі экологиялық жағдайды жақсартып, дәстүрлі отынға деген тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беруде.

Ынтымақта жүзеге асырылып жатқан су және энергия жүйелерін жаңғырту, жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар – Түркістан облысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді саясаттың нақты көрінісі. Бұл игі бастамалар алдағы уақытта өзге ауылдарға да үлгі болары сөзсіз.

Су – өмір көзі. Ал оны қорғау, үнемдеу және әділ пайдалану – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Түркістан облысында бұл міндет жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *