Жүйнек – Сауранның серпінді дамып келе жатқан ауылдарының бірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл – елдің алтын бесігі. Ауылдарды дамыту – стратегиялық міндет. Біз ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға, жастарға жұмыс беруге баса назар аударуымыз керек», – деп атап өткен болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде Түркістан облысы Сауран ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нақты мысалы – Жүйнек ауылдық округі.

Сауран ауданының әлеуеті жоғары ауылдық округтерінің бірі – Жүйнек ауылы. Бүгінде аталмыш ауыл әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді даму жолына түсті. Ауылдың қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты нақты жоспарлар 2025 жылдың І жартыжылдығында өткен тұрғындармен кездесуде кеңінен талқыланды. Кездесуге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, ауыл тұрғындары, аудандық әкімдік өкілдері мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Жиын барысында Жүйнек ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрлан Әмзеев 2025 жылдың алғашқы бес айындағы жұмыстарға тоқталып, бірқатар оң өзгерістер мен даму бағыттарын баяндады. Ауылда жалпы құны 4,28 млрд теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба қолға алынған. Жобалар негізінен ауылды көркейту, инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Нәтижесінде, 267 азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында нақты істер атқарылуда. Ауыл ішіндегі 10 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 200 орындық балабақша құрылысы басталды. Сондай-ақ, заманауи спорт кешені, газ және электр желілерін тарту жобалары іске асырылуда. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.

Кездесу барысында сөз алған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров: «Жүйнек ауылдық округі – ауданымыздағы даму әлеуеті жоғары аумақтардың бірі. Бұл ауылда атқарылып жатқан инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар – ауыл өмірін жақсартуға бағытталған. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру», – деді.

Бүгінде Сауран ауданында ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, туризм мен экологияны қатар дамыту, жол, су, жарық сынды маңызды инфрақұрылым нысандарын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Майдантал, Қарашық, Жүйнек сияқты округтерде қолға алынған ауқымды жобалар – Сауран өңірінің қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі.

Жүйнек тұрғындарының белсенділігі мен бірлігі, билік өкілдерінің ашықтығы мен бастамашылдығы ауылдың болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Мұнда қолға алынған әрбір жоба келешек ұрпақ игілігі үшін атқарылып жатқан игі іс деуге толық негіз бар. Сондықтан Жүйнек ауылын Сауран ауданының өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған маңызды тірек аумақтардың бірі деуге болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *