Сауран ауданының Қарашық ауылында 175 орындық балабақша құрылысы жүріп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл – ұлттың тірегі. Біз ауылдарды дамыту арқылы тұтас мемлекеттің әл-ауқатын арттыра аламыз. Сондықтан инфрақұрылымды жаңғырту, жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың өмір сапасын көтеру – басты міндет», – деп атап өткен болатын. Бұл міндеттерді орындау жолында Сауран ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның нақты көрінісі – Қарашық ауылдық округінде қолға алынған жобалар мен өзгерістер.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қарашық ауылдық округінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң қарқын алғаны байқалды. Ауыл өмірінің бүгіні мен келешегіне қатысты өзекті мәселелер аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың ауыл тұрғындарымен өткізген кездесуінде кеңінен талқыланды. Жиынға аудандық әкімдік өкілдері мен дербес бөлім басшылары да қатысты.

Кездесу барысында округ әкімінің орынбасары Сержан Жасибаев 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, негізгі жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, бюджетке түскен салық көлемі 75,4 млн теңгеге жетіп, жоспар артығымен орындалған. Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім бар. Жалпы 3 200 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары себіліп, шаруаларға 150 тонна арзандатылған дизель отыны таратылған. Сонымен қатар, 400 млн теңгеге жуық инвестиция тартылып, ірі қара мал саны 5 295 басқа жеткен.

Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 23 отбасыға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Қарашық елді мекенінде құны 2,86 млрд теңге болатын өндірістік алаңның құрылысы жүріп жатыр. Бұл – ауылдың болашақ экономикалық тірегі болуға лайық жоба. Сонымен қатар, 175 орындық балабақша құрылысы басталып, бірнеше көшеге тас төселіп, тұрғындардың өмір сүру жағдайы жақсарған.

Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, көшелерді жарықтандыру, ауыз су жүйесін жаңарту, жастарды қолдау, жайылым мәселесі және жол сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров көтерілген мәселелердің барлығы жеке бақылауда болатынын атап өтті.

– Қарашық – әлеуеті жоғары округтердің бірі. Мұнда кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды жетілдіруге толық мүмкіндік бар. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар есебінен ауылдың дамуы жалғасады, – деді аудан басшысы.

Қарашық ауылдық округінде жүзеге асып жатқан жобалар, жаңадан салынып жатқан өндірістік және әлеуметтік нысандар – ауыл өмірін жаңа деңгейге көтеруге арналған нақты қадамдар. Мұндай серпінді даму тек Қарашықтың ғана емес, тұтас Сауран ауданының өсіп-өркендеп келе жатқанын айғақтайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *