Кәсіпкерлер балаларға қамқорлық жасады
Балаларға қамқорлық пен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі және басым бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Балаларға жағдай жасау үшін облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым бағыттарында нақты шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Солардың бірі ретінде Кентау қаласының Қарнақ ауылында пайдалануға берілген жаңа ойын алаңшасын айтуға болады. Оған ауылдың белсенді кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындары демеушілік жасады. Нысанның ашылу салтанатында қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов демеушілерге алғыстарын білдіріп, туған жердің дамуына қосқан үлестері үшін оларды Алғыс хатпен марапаттады.
– Жыл соңына дейін тағы бірнеше ойын алаңшасын салып беру жоспарланған. Осындай игі істер өзгелерге де үлгі болып, олар да ауылдың әлеуетін дамытуға атсалысса, – дейді қалалық маслихат депутаты Бекзат Хабибов.
Ауыл ақсақалдары да жомарт жандарға ақ баталарын беріп, ризашылықтарын жеткізді.
Тарихы терең Қарнақ ауылында пайдалануға берілген ойын алаңшасы барлық стандарттарға сай, 0,5 гектар аумақты алып жатыр. Онда жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Баласымен барған ата-аналарға демалуға арналған жайлы орындықтар қойылған. Бұл ауыл балаларының игілігіне беріліп отырған үшінші ойын алаңшасы. Жыл соңына дейін тағы үш ойын алаңшасын табыстау көзделіп отыр.
Айта кетейік, өңірімізде облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155 мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте.