Ақмарал өңіріміздің талантты суретшісі
Ақмарал Байғараева өңіріміздегі талантты суретшілердің бірі. Қазіргі таңда ол Созақ ауданындағы Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінде «Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қылқалам шебері осы уақытқа дейін бірнеше рет өзінің жеке көрмесін жасап, туындыларын келушілердің назарына ұсынған болатын. Солардың бірі ретінде аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында өткен «Менің сырлы әлемім», одан кейін жақында өткен «Келіншектау – кербезім» атты тақырыптарда ұйымдастырылған көрмесін айтуға болады. Бұл көрмелерге автордың 50-ден аса туындыcы қойылды. Әсіресе, әйел-ана образындағы, ауданның шежірелі тарихынан сыр шертетін суреттер көпшіліктің қызығушылығын туғызды. «Мен көбіне ұлттық тақырыпта қалам тербеймін. Ұлы даланың кеңдігін бейнелеу арқылы қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттағым келеді. Ал, әйел-ана тақырыбы – өз алдына бір әлем» дейді Ақмарал Бейімбетқызы. Көрмені тамашалауға келушілер суретшінің картиналарына жоғары баға берді.
Айта кетейік, өңірімізде аналар отбасының ғана ұйытқысы болып қана қоймай, қоғамның барлық салаларында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31 пайызында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.
Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5658 мемлекеттік қызметшінің 27 пайызын нәзікжандылар құрайды. Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда.