Өнеге мен тәрбиенің Сәулесі
Білімі мен біліктілігін мол кадрлардың көбісі кешегі кеңестік жүйе кезінде қалыптасып, Тәуелсіздік алған жылдардың басында яғни 1991-21 жылдар арасында жаңа, жас мемлекеттің нығаюына зор пайдаларын тигізді. Сол жылдары қызметке жаңадан кірген, қабылданған жастарға ағалық, азаматтың қамқорлықтарын көрсетті. Сондай елге абыройлы, халыққа қадірлі жандардың бірі-«Құрмет» орденінің иегері. Созақ ауданының «Құрметті азаматы» Еденбаева Сәуле Дөненбекқызы. Сәуле апайдың есімін сонау 1992 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жылы есіткен едім. «Сызған» совхозының Қайнар бөлімшесінде №2 ферманың зоотехнигі қызметін атқарып жүргенде совхоз басшыларының бірді-екілі әңгімелері арасында «Сәуле мықты экономист», «Сәуле Жартытөбенің қызы», «Сәуле ауданның білікті, іскер басшыларының бірегейі» деген сөздері мені ол кісіні «живой» көруге ынтықтыра түсті. 1993 жылы жаз айының ішінде Ордабасыда үш жүздің басын қосқан билердің асында үш елдің басшылары бас қосқан тарихи оқиға болып еді ғой. Сол үлкен сүбелі шараға Созақ ауданынан барып, қатысып, өз үлесімді қосу бақыты маған да бұйырған еді. Бұл менің халықаралық дәрежедегі шараға бірінші мәрте қатысуым еді. Алғашқы күні мені Жоңғар әскерлері сапына қосып, қолымызға найза беріп, жоңғар нөкерінің қатарына қосты. Кейін лагерьде қалып аспаз болдым. Түс әлетінде жігіттер демалып отырған сәтте «Жатақ үйлерді Сәуле Еденбаева аралап жүр екен!» деген хабар жетті. Дереу жатқан үйіміздің ішін апыр-топыр ретке келтірдік. Артынша бізге де жетті. Басында ақ шәлі, көзінде күнге арналған қоңыр көз әйнек, әдеміше келген қоңырқай жылы жүзді кісіні көрдім.
Әңгімесінің басы «айналайыннан» басталады екен.
-Айналайындар бәрің жас жігіттер екенсіңдер. Тазалық сақтаңдар. Сойған малдарының жеген тамақтарыңның қалдықтарын арнайы көрсетілген орынға апарып тастаңдар. Сіздер үшін арнайы контейнерлір қойылған. Тазалық болса шыбын үймелемейді,-деді. Сәуле апаймен осылайша алғаш рет бет жүздескен едім.Сол жолы мен «Болашақта Сәуле апаймен қоян-қолтық қызметтес болып, қарамағында бірнеше жылдар қызмет етеді екенмін» деп ойламаған едім. Араға екі жыл салып аудан әкімшілігіне қызметке келдім. Аудандық ет комбинатында жұмыс істеп жүріп 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған аудандық айтыс өтті. Сол айтысқа қатысып бас жүлдеге ие болдым. Содан мені аудан әкімінің орынбасары міндетін атқарушы ретінде бүгінде өмірден озып кеткен марқұм Қалжеков Бауыржан ағамыз аудан әкімшілігіне қызметке шақырды. Ол уақытта Сәуле апай декреттік демалыста екен. Сәуле апаймен қызметтес болған жылдар ішінде ол кісіден көптеген тәлім-тәрбие алдым. Әйел емес- нағыз ер адамға лайықты мінезі бар еді. Тіпті ондай «характер» кейбір ер азаматтарда жоқ десем жаңылыспас едім. Қай уақыт, қай кезең, қай заман болсын өз уақтысының Қожасы, Жантасы болады екен. Сөз тасу, жағыну, сыртыңнан әңгіме айту, жамандап бару дегендей. Рас, мен жеті бірдей аудан әкімімен, оннан астам орынбасарларымен қызметтес болдым. Сондағы байқағаным кейбір басшылардың ең осал жері -«сөзге ергіштігі» еді. Бір Жантас сені жамандап барса соған құдайдай сеніп, содан ала көзін атып жүргені. Ал, Сәуле апай болса сол секунд, сол минутта сені шақырып сөйлесіп, ақ-қарасын ажыратып, іске нүкте қоятын. Осыдан кейін әлгі Жантастардың аузына құм құйылып, екінші мәрте біреуді «сорлатуына» жол берілмейтін.Тура осы қасиеті үшін сол уақытта қызметтес болған кісілердің барлығы құрмет тұтты. Әлі де тұтып келеді.
Сәуле апай сол бір қалыпты бір тоға мінезімен жүріп-ақ жұртшылығы үшін көп іс тындырды. Өткен жолы Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдық мерейлі шарасына келгенде жұртшылықтың Сәуле апайды сағынып қалғанын байқадым. Менің де ойыма өткен жылдар ішіндегі Сәуле апаймен қызметте болған уақыттың жарқын сәттері оралып қолыма қаламымды алдым.
Кейде аудан әкімінің орынбасарларына кіргенде байқап жатамын. Айтылған өзекті мәселең шешілмей жатады. Сәуле апай сенің мәселеңе қатысты мекеме, бөлім басшыларын, керек болып қалады-ау деген қызметкерлерді түгел қатыстырып отырып мәселеңді қарайтын. Сонда екі мәрте келіп әуре болмайсың. Басшылар да бір бас қосып бәрін шешіп тастайтын. Сәуле апай қырық жылға жуық қызмет істесе де Қ.Айтахановтай басшыны өзіне үлгі тұтты. Ұстаз тұтты. Сонда байқағаным отыз бес қырық жылдық тәжірибесі болса да адамға ұстаз керек деген қағиданы бізге ұқтырғандай болды.
«Мен еш жерге жұмыс іздеп барған емеспін. Жұмыстың өзі мені іздейтін. Тіпті мен аудан әкімінің орынбасары болғанымды соңынан естігенмін. Сыртымнан тағайындап жіберген болатын»- дейді Сәуле апай өзінің тілшілерге бір сұқбатында. Әйел жүрген жерде жылулық, тазалық, тиянақтылық бар. Сәуле апайдың әр кезеңдердегі еңбегі лайықты еленіп, бірқатар мемлекеттік наградалармен марапаталды.
Әлеуметтік сала деген ең үлкен сала, қыр сыры көп, күнделікті өзгеріс пен жаңашылдық, әр түрлі реформалар, заң өзгерістері, түрлі бағдарламалар жүйелі жұмысты талап етеді. Десекте, қоғамда үлкен жауапкершілік пен қамқорлықты талап ететін ана, бала тағдыры, күнделікті күн тәртібінен түспейтін мәселе екенін жоққа шығаруға болмас. 1995-1996 жылдар аудан үшін қиын кезең болды. Халықта ақша жоқ. Айлық жоқ. Зейнеткерлер зейнетақысын айлар бойы алмайды. Айлықтың орнына ұн беретін. Кітапхананы, балабақшаны жабыңдар деген бұйрық келді. Сол кезде біздің ауданда Қуаныш Айтаханов басшы еді. Комиссияның төрағасы етіп Сәуле Дөненбекқызын сайлады. Кейін Сәуле апай аудан орталығындағы «Ертөстік» балабақшасын жапқызбай алып қалды. Жиырма үш балабақшаны жабылды. Сонда «Бір ауданға бір балабақша керек деп» табандап тұрып алады. Интернаттардың барлығы жабылғанда Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп-интернатын жапқызбай алып қалды. Өйткені шалғайдағы малшылардың балалары оқусыз қалмауы керек. Ауданның бюджетіне түскен ақшаны бірінші сол интернат пен балабақшаға уақтылы бөліп отырды. Кітапханаларды жапқанда барлық кітаптарды балабақшаның жертөлесіне апарып сақтады. Бар кітаптың шашауын шығармай күтті. 2000 жылдары халықтың әлеуеті біршама көтерілгенде ауданда он екі кітапхана қайта ашылды. Кітаптарды кітапханаларға қайтадан өткізді. Зейнетақы қорында ақша жоқ. Сонда рудниктің басшыларымен жүйелі жұмыс жүргізді. Барлық есепшоттарын бұғаттап, «бірінші зейнетақы қорына ақша аударасыз»— деп күштеген кез де болды. Халыққа ақша тарататын кезде ең алдымен жағдайы мұқтаж отбасыларға бергізетін.
2002 жылы ата-анасы туберкулезбен ауыратын отбасылар анықталды. Бірақ балалары сау. Сол балаларға балабақшаның жанынан изоляторлық арнайы бөлме ашылды. Онда ата-анасы туберкулезбен ауыратын балалар тәрбиеленді. Әкімнің алдына мәселе етіп қойып, есептеп қаржысын шығарып, шырылдап жүріп ашқызады. Қаншама баланы аман алып қалды деп айта аламын. Бала тәулік бойына сол жерде болады. Сонымен қатар шалғай ауылдардан аралап жүріп, адамдардың өкпесін түсіретін флюромашинаны да облыстан алдырды. Ана мен бала өлімі көбейген жылдары алдымен сол өлімнің себебін анықтау үшін облыстағы мамандардың алдына мәселе етіп қойды. Білікті мамандарын жіберіп, себебін анықтап, шаралар көрілді. Нәтижесінде ана мен бала өлімі азайды. Мұның барлығы қарапайым көрілуі мүмкін. Бірақ бұл адам тағдыры мен тығыз байланыстағы Сәуле Еденбаевның атқарған жұмыстарының бір парасы ғана еді.
Сәуле Дөненбекқызы бүгінгі таңда өмірлік серігі, жары Серік ағамыз екеуі елге жасаған еңбектерінің зейнетін көріп, қариялылыққа бет бұрып, бала шағаның, немерелердің қуанышына бөленіп, қызықшылықтарына сүйсініп отырған бақытта шаңырақ иелері. Алланың берген бір қыз, үш ұлына парасатты тәлім тәрбие беріп, елге адал еңбек етуге бағыттаған. Барлығы бір бір шаңырақ иесі. Қыздары білікті мұғалім. Үлкен ұлдары да мықты педагог. Үшінші ұлдары өндіріс саласында білікті маман. Төртінші ұлдары кенжетай Нұрдаулеттері Қазақстанның маңдай алды университетін тәмамдап, бүгінгі таңда келіншегі екеуі де мұхит асып, Канадада білімдерін жетілдіріп, магистратуда дәріс алуда.
Біз созақтықтар талай жандарға саналы сәулесін түсірен Сәуле апайдың даңқты жолы кейінгі келер ұрпақ үшін тәрбие мен өнегенің мектебі болып қала бермек.
Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі