«Өнердің қайда болса да жарып шығатынын, оған тұсау, шекара жоқ екенін ұғындым»
Мені өнер жолына бастаған әуелі анам, одан кейін кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма ерекше ықпал еткен адам ол – театр тарланы Райымбек Сейтметов еді. Райымбек аға Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен ашылған өнер факультетіне жыл сайын өңіріміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды оқуға қабылдап, оларды өзі іргетасын қалаған театрға жұмысқа алды. Сахна саңлағы осылайша арманына жақындай түсті. Сол студенттердің қатарына мен де келіп қосылдым.
Қолыма диплом алғаннан кейін Түркістан сазды-драма театрына жұмысқа қабылдандым. Райымбек аға өнер факультетін бітірген кез келген жасты жұмысқа қабылдай бермейтін. Университет қабырғасында жүргенде Алпамыстың ғашығы Гүлбаршынның бейнесін сомдадым. Сонда рөлімді сахнада сәтті алып шыққан болуым керек, Райымбек аға: «Театрға келіп, талантыңа талайды таңдай қақтыршы» деп, мені театр дейтін ғажап өнер ордасына алып келді.
Драматург-жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың «Сағыныш пен елес» атты лирикалық драмасында басты рөлдегі Арайлымның, «Әйелдер әлемі» пьесасындағы Гүлбаршынның бейнелерін сомдадым. Біздің театр Румынияның Тырговиште қаласында өткен халықаралық Х «Babel F.A.S.T» фестиваліне қатысып, Еуропа көрермендерінің алдында Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раевтың «Ханшаның көз жасы» драмасын сахналады. Мен сонда Ханшаны ойнадым.
Театрдың жетістіктері оның шыққан биігі арқылы өлшенеді. Театр ұжымының шетелдерде өтетін театр фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Мұның бәрі Райымбек ағаның еңбегі, жеңісі дер едім.
Алмагүл ҮНДЕМЕСОВА,
Райымбек Сейтметов атындағы
Түркістан сазды-драма театрының әртісі.