Үкіметте қазақтың жылқы тұқымын жаңғырту және дәріптеу мәселелері талқыланды
Қазақстандағы жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институтын дамытудың міндеттері мен стратегиялық бағыттары вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтегі кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Институттың негізгі стратегиялық мақсаты – жылқы шаруашылығының селекциялық-асыл тұқымға қатысты жұмысын ғылыми-практикалық үйлестірумен қатар, қазақы жылқы тұқымдарының генофондын сақтау әрі жетілдіру. Оған қол жеткізу үшін институт алдында таяу болашақта қажетті қаржыландыру көздерін анықтау, ғылыми және жоғары білікті мамандарды жұмысқа тарту, материалдық-техникалық база құру міндеттері тұр. Институт басшысы Әлібек Базарғалиев атап өткендей, жақын арада еліміздің жетекші жылқы өсірушілері бүкіл Қазақстан бойынша қазақтың асыл тұқымды жылқысына зерттеу жүргізеді, оның қорытындысы бойынша жылқы тұқымдарын жаңғырту жоспары жасалады. Алдын ала есептеулер бойынша қалпына келтіру жұмыстары кемінде бес жылға созылады. Сондай-ақ ауылшаруашылық тәжірибе стансасының негізінде құрылған жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институты жылқы шаруашылығын толыққанды, теңдестірілген жеммен қамтамасыз ету үшін қажетті көмекші ретінде бұрынғы өсімдік шаруашылығы қызметінің бір бөлігін қалдырады.