Өңірімізде 120 әйел кәсіпкерлікті дамыту бойынша оқу курсынан өтті

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері басқосты. Кездесу барысында биылға арналған іскер әйелдер кеңесінің жұмыс жоспары талқыланды. Жиынға палата директоры Асылан Ибадуллаев, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова мен қала-аудандардан келген кеңес төрайымдары қатысты.

Шара барысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының атқарған жұмыстары баяндалып, сұрақтарға жауап берілді. Айта кетсек, былтыр әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 376 әйел азаматқа кәсіпкерлікті қолдау бағытында кеңес беріліп, оның 120-сы оқыту курсынан өткен. Курсқа қатысушылар «Визажист», «СММ», «Тігін тігу», «Аспаздық», «Кондитерлік өнім өндіру» бойынша біліп алып, арнайы сертификаттарға ие болды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» – дей келе, әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған болатын. Елімізде, облысымызда әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде кәсіпкер әйелдердің саны артып келеді.

Былай қарағанда, елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында нәзік жандылардың үлесі көп деуге болады. Олар шағын және орта бизнеске басшылық жасап келеді. Сонымен қатар,Түркістан өңірі – ел демографиясына үлкен үлес қосып отырған облыс. Мұнда 177 мыңнан аса көп балалы аналар тұрады. Түркістан облысының аналары дүниеге сәби де әкеледі, қызмет те жасайды, кәсіпкерлікпен де айналысады, бір сөзбен айтқанда әмбебап, өмірге икемді, бейімделгіш. Облыс көлемінде 155 мың кәсіпкер болса, оның 32%-ы немесе 48 мыңға жуығы әйел.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *