Отбасы – мықты мемлекеттің негізі
Еліміздегі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қоғамымыздағы әйелдердің экономикалық және саяси ұстанымдарын қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған. Нақты мысалдар келтіре кетейік. Тұжырымдама: «Мемлекеттік отбасылық саясат Қазақстанның әлеуметтік саясатының құрамдас бөлігі болып табылады және отбасының өмір сүру жағдайын жақсартуға, сапасын арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық құқықтық, ғылыми, ақпараттық және кадрлық қамтамасыз ету қағидаттары, бағалаулары және шаралары жүйесін білдіреді.
Отбасыларды қолдау, нығайту және қорғау, отбасылар мен олардың мүшелерінің физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін қажетті жағдайлар жасау, ананы, әкені және баланы қорғау мемлекеттік отбасылық саясаттың мақсаттары болып табылады» делінген.
Бүгінде қоғамымызда отбасы инстутутын дамытып, отбасылық құндылықтарды нығайту да аса маңызды. Елімізде «Отбасы күні» белгіленді. Мәдени құндылықтарды, дәстүрлерді, руханиятты сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және отбасы мәртебесін нығайту мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіле бастады. Өткен жылдар ішінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірінен 18 мыңнан астам отбасы қатысты.
2018 жылы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің бас жүлдесін қазығұрттық Мұхтар Момынов пен мақтааралдық Сапаралы Серікбаевтың отбасылары, 2019 жылы шардаралық Қарсыбаевтың отбасы және бәйдібектік Еркебаевтың отбасы, 2021 жылы Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылында тұратын Жамаловтың отбасы, 2022 Түркістан қаласына тұратын Құлбайымбетовтың отбасы жеңіп алған болатын. Ал, былтыр өңірімізде 6 үздік отбасы анықталды. Бұл байқау биыл да жалғасын табады.