Президент тапсырмасы: Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артып келеді

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Түлкібас ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 37,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,6 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың алғашқы алты айындағы 31,2 млрд теңгемен салыстырғанда едәуір артық.

Жалпы өңірлік өнімнің 47,4 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Бұл салада 6 айдың ішінде 17,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 17,5 пайызды құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы 17,2 млрд теңгені, ал егін шаруашылығы 422,9 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, ағымдағы кезеңде 8 300 тонна ет, 22 400 тонна сүт және 10 355 дана жұмыртқа өндірілді.

Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 356 мың теңгеге жетіп, өсім 49,6 пайызды құрады (2024 жылдың 6 айында – 238 мың теңге).

Түлкібас ауданының ауыл шаруашылығының дамуының негізгі факторларының бірі – 2023 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарлама аясында ауданның ауылдық округтерінде 6 бағыт бойынша несиелендіру жүргізілуде. Ондағы мақсат өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылық кооперативтерін жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуына қолдау көрсету.

2023 жылы пилоттық кезеңде Мичурин, Балықты, Рысқұлов және Шақпақ ауылдық округтерінде 285 өтінім беріліп, оның 245-і 1,6 млрд теңгеге қаржыландырылды. Мысалы, Мичурин ауылдық округінде «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, сүтті қайта өңдейтін цехқа 27,6 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алынды. Қазіргі уақытта мекеме толық жұмыс істеп, 8 түрлі сүт өнімдерін шығарып отыр.

2024 жылы бағдарлама аясында тағы төрт ауылдық округ, атап айтар болсақ Арыс, Жаскешу, Ақбиік және Кемербастау ауылдық округтері қатысушы болды. Осы ауылдық округтерде «Ақбиік дән», «Ауғанбай ата», «BAISU-2024» және «GF Agro Group» сияқты өндірістік кооперативтер құрылып, барлығы 106,2 млн теңгеге қаржыландырылды. Бүгінде аталған  кооперативтер өз бағыттары бойынша белсенді жұмысқа кіріскен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыты. Аграрлық секторды дамыту, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспортты ұлғайтуға бағытталған бағдарламаларды тиімді іске асыруы керек» деп Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өңірлердің дамуындағы басты міндеттер ретінде агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауды ерекше атап көрсетті. Бұл бағыттар «Ауыл аманаты» бағдарламасының табысты іске асырылуымен Түлкібас ауданында нақты жүзеге асуда.

Аудан әкімдігінің дерегінше, 2025 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 59,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бұл ауыл шаруашылығындағы өндірісті арттырып, аудан экономикасының өсуін қамтамасыз етеді.

Президенттің Жолдауындағы ауылды дамыту, агроөнеркәсіпті қолдау және ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге бағытталған бастамалар Түлкібас ауданында нақты іске асуда. Бұл бағдарламалар өңірдің тұрақты дамуына және Қазақстанның аграрлық секторын нығайтуға үлкен серпін береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *