Нурила қоғамдық жұмыспен қамтылды

Тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бір бағыты жұмыссыз азаматтарды қоғамдық жұмыстар бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру. Жұмыстың бүл түрі түрлі салада – қоғамдық ұйымдарда мемлекеттік мекемелерде ұйымдастырылады. Оған тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуде бар жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ақылы қоғамдық жұмыс бағдарламасы – әр жастағы жұмыссыз азаматтар үшін берілген мүмкіндік.

Аталған бағдарлама қатысушысы Елбегова Нурила жыл басында Бәйдібек аудандық мансап орталығы тарапынан ақылы қоғамдық жұмыс жобасы бойынша Шаян ауылдық әкімшілігіне жолданған. Бүгінде күннің ыстығы мен суығына қарамай жұмыстан қалмай, ауыл аймақтарының тазалық жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарап, талап етілген жұмысын абыроймен атқарып отырған қоғамдық жұмысшы.

Қазіргі таңда Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту шаралары қолға алынған. Өткен жылдың қорытындысымен облыстың даму жоспарындағы индикаторлық көрсеткіштер орындалды. Оның ішінде 130 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндауынша, 2022 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 5,2%-дан 5,0%-ға төмендеді. Ал жастар санындағы жұмыссыздық 4,2%-дан 1,7%-ға, әйелдердің жұмыссыздық деңгейінде 6,7%-дан 5,2%-ға дейін азайды. Жалпы жұмысқа орналасқандардың зейнетақы жарнасы 99% аударылған. Субсидияланған жұмыс орындарын аяқтағандардың 65% және кәсіптік оқуды аяқтағандардың 95% тұрақты жұмысқа орналасса, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқығандар арасында өз ісін ашқандары 45%-ды құрап отыр.

Биыл жалпы 140,2 мың жұмыспен қамту шараларын іске асыру көзделуде. Оның ішінде 21,3 мың адам оқыту бағыттарымен, 118,9 мың жұмыс орындарын «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында ашу көзделуде. Ал оның бағыттары тұрақты жұмыс орындарына, уақытша жұмыс орындарына жолдау, кәсіпкерлік бастамалары үшін грант және шағын несие беруден тұрады. Жұмыспен қамту шараларына бюджет көздерінен қаржы қаралды. Сонымен қатар биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында және жеке инвестиция тартумен жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оған қоса облыс бойынша жеке инвесторлар есебінен агроөнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласында 77 жоба қолға алынып, жаңа жұмыс орындары пайда болмақ.

Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан инвесторлар, жұмыс берушілермен меморандумдар түзу арқылы қажетті мамандарды кәсіби даярлау, бағдарлау курстарынан өткізіп, жұмыспен қамтуға бағытталған нақты шаралар қабылданады. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап құрылған Түркістан облысы бойынша «Еңбек мобильділігі орталығы» және «Мансап орталықтарының» трансформациялануы күтілуде. «Мансап орталықтарының» жұмыспен қамту саласындағы қызметтері толығымен цифрландырылған бағытқа ауысады. Биыл пилоттық жоба ретінде Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының «Мансап орталықтарын» трансформациялау жұмыстары жүргізілуде. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде, аудан, қала әкімдерімен халықты жұмыспен қамту, кедейлік деңгейін төмендету, әлеуметтік қорғау жөніндегі түйінді нысаналы индикаторлардың орындалуы бойынша Меморандум жобасы түзіліп, келісуге жолданды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *